Ерімбетов: Біздің клубымыз қайтадан Қазақстан футболының көшбасшысына айналады деп үміт етемін
«Ақтөбе» футбол клубының тарихында алғаш рет басты команданың бапкерлік штаб құрамында жергілікті жас бапкер жұмыс жасады. Ол «Ақтөбе-Ж» ФК бас бапкерінің ассистенті Мұхтар Ерімбетов.
- Мұхтар Тәңірбергенұлы, бұл Сіздің басты команда сапындағы алғашқы жиыныңыз. Команда ОЖЖ-нан қандай әсер алдыңыз?
- Жиын өте жақсы өтті. Әрине, әрбір бапкер өсу үшін, даму үшін өзімен жұмыс жасауы керек. Кәсіпқой командаға түсу менің бұрыннан бергі арманым болатын. Оның үстіне бұл өзімнің туған командам. Қайталап айтайын, бұл менің мақсатым мен арманым болатын. Ұжымда жақсы мамандар жиналған. Маған сенім артқаны үшін, сеніп, мүмкіндік бергені үшін клуб басшылығына алғыс айтқым келеді. Бұндай мүмкіндік екінің біріне беріле бермейді.
- Тәжірибелі бапкерлердің қасында жаттығу процестері қалай өтті? Өзіңізге не түйдіңіз?
- Үйренерлік нәрсе өте көп. Көптеген пайдалы, сапалы ақпараттарға қанық болдым. Осындай бапкерлік штабтың қасында болудың өзі көп нәрсені аңғартады.
- Біздің жергілікті ойыншылардың шама-шарқына қандай баға бересіз?
- Ең бірінші әр адам өзін шыңдап отыруы тиіс. Футбол әрбір футболшының еңбекқорлығын талап етеді. Футболда бір сәтке де босаңсуға болмайды, ал жергілікті ойыншылар бізге өте қажет. Жанкүйерлер олардың құрамда ойнауларын талап етеді, бірақ ол үшін талмай еңбек ету керек.
- Сіз бапкер ретінде өз алдыңызға қандай арман-мақсат қоясыз?
- Мен бапкер ретінде алдыма тек жоғары мақсат қоямын. Біздің команда күннен-күнге өсіп, басшылық қойған тапсырманы орындайды деп ойлаймын. Біздің клубымыз қайтадан Қазақстан футболының көшбасшысына айналады деп үміт етемін. Біз ел біріншілігінде жоғары орындарда болып, еурокубоктарда ойнауымыз керек. Ол үшін қолымнан келгенше жұмыс жасайтын боламын.