МЛС ойыншысы АПЛ-де бағын сынамақ
Англиялық «Манчестер Сити» командасының биылғы нәтижесі керемет. Англия Премьер лигасында жеке-дара көш бастап келеді. Чемпиондар лигасында да, ел ішіндегі кубоктық бәсекелерде де жеңіске жету мүмкіндіктері жоғары.
Клуб басшылары сонда да қысқы трансфер кезінде көп қаржы жұмсап футболшы сатып алуын жалғастыруда. Кеше ғана «Атлетик Бильбао» командасының орталық қорғаушысы Эмерик Ляпортты қатарларына қосқан еді.
Бұнымен тоқтап қалған «қалалықтар» жоқ. Бүгін АҚШ-тың MLS-інде бақ сынайтын «Нью-Йорк Сити» командасының шабуылшысы Джек Харрисонды да сатып алып отыр.
21 жастағы англиялық футболшы бала күнінде «Ливерпуль» және «Манчестер Юнайтед» клубтарының академиясында тәрбиеленген. 14 жасында АҚШ-қа кетіп, сол жақта ержеткен.
«Нью-Йорк Сити» командасының сапында 61 кездесуде алаңға шығып, 14 гол соғып, 10 нәтижелі пас берген. Әрі Англия жастар құрамасының (U-21) ойыншысы.
«Манчестер Сити» жас шабуылшымен 3,5 жылдық келісімшартқа қол қойып отыр. Бірақ, Харрисон маусым соңына дейін Чемпионшипта өнер көрсететін «Мидлсбро» командасына жалға берілді.