Игита: Қарсыластардың барлығын тізе бүктірдік
Футзалдан Қазақстан құрамасы мен «Қайрат» футзал клубының қақпашысы Игита Чехия құрамасына қарсы жеңісті кездесуден кейін өз пікірімен бөлісті.
- Көңіл-күйім тамаша! Алғашқы күні жанкүйерлер аз болса, бүгін олардың қолдауын жақсы сезіндім. Тәжірибелі Чехия құрамасын 3:0 есебімен жеңгеніміз керемет болды. 2018 жылға Еуропа біріншілігіне құрамамыз жолдама алды. Барлық отандастарымызды кіші жеңіспен құттықтаймын.
- Жалпы топтық кезеңді Қазақстан құрамасы 100 пайыздық көрсеткішпен яқтады. Ол жайлы не айта аласыз?
- Ия, шын мәнінде топтық кезеңде жақсы ойнап, қарсыластардың барлығын тізе бүктірдік. Сонымен қатар, қақпамызды үш ойында да аман сақтап қалдық. Қақпашы үшін мұндай көрсеткіш керемет деп есептеймін. Мен шабуылдарға көп қосылғанда қақпамызға гол жіберіп алу қауіпі көп болды. Алайда әр ойында қауіпті азайтып, пастарды дәл беруге тырыстық. Жалпы іріктеу кезеңі аясында бапкердің ұстанымын толық орындалды.
- Сіздің қақпадан көп шығу әдетіңізді сынға алушылар көп болды. Сол критиктеріңізге айтарыңыз бар ма ?
- Енді олардың сөзі де рас. Әсіресе, әлем чемпионатында Аргентина құрамасына қарсы кездесуден кейін өзімді кінәлі сезіндім. Менің қатемнен гол жіберіп, аргентиналықтардан ұтылып қалдық. Адам болған соң ондай қателіктер болып тұрады. Қазіргі таңда шабуыл жасау барысында сондай қателікерді барынша жоқ қылуға тырысудамыз. Құрамамызды алда үлкен жұмыстар күтіп тұр.
Айта кетейік, бүгін футзалдан Қазақстан құрамасы Чехия командасын 3:0 есебімен жеңіп, 2018 жылғы Еуропа чемпионатына тікелей жолдама алды.