Қазақстан Еуропа чемпионатына жолдама алды

Қазақстан Еуропа чемпионатына жолдама алды

«Алматы Аренада» Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Қазақстан мен Чехия құрамалары кездесті.

Қос құрама да алғашқы екі турда жеңіске жеткен болатын. Сондықтан келесі жылы өтетін құрлықтық додаға берілер жалғыз жолдамаға осы құрамалар таласты.  

Ойынның айқын фавориті қазақстандық футзалшылар саналған. Ойыншыларымыз өздеріне артылған үмітті ақтай алды.

Ойындағы алғашқы қауіпті соққыны Қазақстанның голкипері Игита жасады. Оның алаң ортасынан бағыттаған соққысы қарсылас қақпасының маңдайшасына тиді. Ал 5-ші минутта матчтағы алғашқы гол соғылды. Дуглас допты қабылдап алып, жойқын соққы жасады – 1:0. Артынша Дуглас екінші гол соғуға жақын болған. Алайда чехтарды қақпа бағанасы құтқарып қалды. Ал тайм аяқталар тұста Леоның пасынан кейін Михаил Першин қанжығасын майлады. 2:0 – командалар үзіліске осындай есеппен кетті.

Алғашқы таймда қолайлы нәтижеге қол жеткізіп алған Қазақстан үзілістен кейін барын салмай, өте сақ ойнады. Чехтар сәт сайын қақпашысын алаңнан алып тастап, орнына бесінші ойыншыны шығарғанымен, бұл қадам нәтиже берген жоқ. Қазақстандық футзалшылар қорғаныста сәтті ойнады. Ал 38-минутта чехтар сол тәуекелдері үшін жазаланды. Алаң ортасында қарсыластан допты тартып алған Дуглас бос қақпаны дәл көздеп, дубль авторы атанды. 

Қорытынды есеп – 3:0, Қазақстан 2018 жылы өтетін Еуропа чемпионатына жолдама алды. Алесио шәкірттері іріктеудегі үш матчта өз қақпасына гол жібермей, жалпы алғанда, 11 гол соқты. 

Чехия – Қазақстан 0:3 (0:2)

Голдар: 0:1 – Дуглас 5, 0:2 – Першин 20, 0:3 – Дуглас 39

Чехия: Герчак, Мареш, Решетар, Сейдлер, Яновски, Вагала, Цупак, Заруба, Грдина, Словачек, Коуделка, Д. Дрозд, Ковач, Белей

Қазақстан: Игита, Лео, Есенаманов, Дуглас, Першин, Шамро, Кнауб, Жаманқұлов, Сүлейменов, Довгань, Иманалин, Тұрсағұлов, Акбаликов, Оразов

11 сәуір, Алматы, «Алматы-Арена»

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или