«Қайрат» Еременко Кубогын екінші рет ұтты

Кіші футболдың үлкен додасын сағынған алматылық жанкүйерлер «Қайрат» пен «Тюмень»-нің кездесуіне көптеп келді. Ресейліктер топтық кезеңдегі жеңілісі үшін есе қайтарғысы келсе, «Қайрат» бәсі жоғары бәсекені екінші рет ұтуға ұмтылған.

Лео, Игор, Диваней мен Дрот негізгі құрамда шықты. Қақпада, әдеттегідей, тас-қамал Игита. Алғашқы минуттардан қарқынын үдеткен Какау шәкірттері үшінші минутта есепті ашты. Голды атына жазған – Игор. Артынша он минут бойы бір сарынды тартыс өрбіген. Шабуылға тұтқиылдан қосылудың хас шебері Игита 14-ші минутта әріптесінен пас алған бетте жойқын соққы жасады, қаңғыған допты Жаманқұлов қақпаға бұрды – 2:0. Бір күн бұрын өткен баспасөз маслихатында «Қайраттың» жаттықтырушысы «Тюмень» сабындағы 12-ші нөмірлі Андрей Батыревтен қауіптенетінін айтқан. Бұл жігітке персоналды түрде дайындалған болса керек, «қызылдардың» қорғаушылары оны «тырп» еткізбеді. Осылайша, бірінші тайм «Қайраттың» басымдығымен өтті.

Жеңістің ауылы ұзап бара жатқанын сезген ресейліктер екінші таймға шыға салысымен «Қайраттың» қақпасына төнді. Игита допқа ие болса оны алысырақ шығаруға тырысты, себебі қорғаныста қателік жіберуге болмайды. Дегенмен, «Тюменнің» босаңсығанын сезгенде алматылықтар шабуыл шепке ойысуды жөн деп шешті. «Әмбебап» Игита ақырғы кезеңнің 11-ші минутында Эвертонмен пас алмасқан соң допты құлаштап теуіп тоғыздықты дәл көздеді. Аксентиевич – дәрменсіз... Арада жеті минут өткенде қарсыластар сабынан Антошкин бір доп қайтарған – 3:1. Арада бір минут өтпей жатып, Диваней командасын тағы да алға шығарды. «Екі мәрте Еременко Кубогының жеңімпазы» атағынан «Қайратты» бес минут бөліп тұрды. «Тюмень» тайлы тұяғымен шабуылдап бесінші ойыншыны алаңға шығарды. Ол да көмектесе алмады бұл күні. Соңғы ысқырық - «Қайрат» чемпион!

Еременко кубогы

Финал

«Қайрат» (Қазақстан) – «Тюмень» (Ресей) 4:1 (2:0)

«Қайрат»: Игита, Игор, Лео, Диваней, Сүлейменов, Дрот, Диваней, Нұрғожин, Гуров, Ронкальо, Эвертон, Есенаманов, Жаманқұлов, Першин.

«Тюмень»: Аксентиевич, Неведров, Милованов, Батырев, Абрамович, Логинов, Антошкин, Соколов, Лобков, Исламов, Курбатов, Асланян, Абышев, Упалев.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или