Шайдоров пен Самоделкина Универсиадаға қатысуы мүмкін
Қазақстанның Ұлттық студенттік спорт одағының президенті Қайрат Закирьянов Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкинаның Универсиадаға қатысуына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Академияда білім алып жатқан екі спортшы да Универсиадаға қатысуға ниет білдірген.
Kazinform агенттігінің хабарлауынша, Закирьянов жақында үшінші курс студенті Михаил Шайдоровпен кездескен. Ол мәнерлеп сырғанаушыға бұған дейін екі Универсиадаға қатысып, қола медаль да жеңіп алмағанын, ал Олимпиадада бірден алтын жүлдеге ие болғанын еске салған.
Закирьянов спортшыға Қытайда өтетін Универсиадаға барып, алтын медаль жеңіп алуды ұсынған. Шайдоров келісім беріп, жүлде үшін күресуге уәде еткен.
Сондай-ақ студенттік спорт одағының басшысы әлемнің үздік он мәнерлеп сырғанаушысының қатарына кіретін Софья Самоделкинаның да жарысқа қатысуы мүмкін екенін айтты.
Закирьянов Қазақстан дәстүрлі түрде жақсы нәтиже көрсететін шаңғы жарыстарындағы жүлде алу мүмкіндігіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі жағдай күрделі болғанымен, жүлдеге қол жеткізуге мүмкіндік бар.
Универсиада бағдарламасына 12 спорт түрі мен екі параспорттық дисциплина енгізілген. Жалпы 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.