Алматыда Денис Тенді еске алуға арналған турнир өтеді

Алматыда Денис Тенді еске алуға арналған турнир өтеді

Алматыда 7-10 қазан аралығында Олимпиада жүлдегері Денис Тенді еске алуға арналған мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнир өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Жарыс «Halyk Arena» спорт кешенінде ұйымдастырылып, оған әлемнің 25 елінен шамамен 150 спортшы қатысады.

Қатысушылар бірнеше бағдарлама бойынша жүлдеге таласады. Жарыс бағдарламасына ерлер және әйелдер арасындағы жеке сырғанау, сондай-ақ мұздағы би кіреді. Бәсекелер ересектер және жасөспірімдер арасында өтеді.

Мемориал Қазақстанның мәнерлеп сырғанаушысы, 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің есімімен аталады. Турнир спортшыны еске алуға арналған және жыл сайын әлемнің әр елінен мәнерлеп сырғанаушыларды бір алаңға жинайды.

Еске салайық, Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматыда қаза тапты. Спортшы көлігінің айнасын шешуге әрекеттенген екі ер адамды байқап, олармен жанжалдасып қалған. Қақтығыс кезінде мәнерлеп сырғанаушы пышақ жарақатын алып, кейін көп қан жоғалту салдарынан ауруханада көз жұмды.

2019 жылдың қаңтарында сот Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовты адам өлтіру және қарақшылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Екеуі де қатаң режимдегі мекемеде 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Іс бойынша үшінші айыпталушы Жанар Төлыбаева қылмыс туралы хабарламағаны үшін кінәлі деп танылып, төрт жылға сотталды. Кейін 2019 жылдың желтоқсанында Төлыбаева қамаудан босатылды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или