Қазақстандық екі қақпашы еурокубоктардың үздіктері қатарына енді
Қазақстандық қақпашылар Стас Покатилов пен Темірлан Анарбеков еурокубок турнирлерінде ең көп сейв жасаған голкиперлердің қатарына кірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Әзербайжанның «Сабах» клубында өнер көрсететін Стас Покатилов Чемпиондар лигасында қайтарылған соққылар саны бойынша екінші орында тұр. Қазақстандық қақпашы төрт кездесуде 22 сейв жасады.
Бұл көрсеткіш бойынша тек швейцариялық Ян Зоммер алда келеді. Оның еншісінде 27 сейв бар.
Покатилов Диогу Кошта, Тибо Куртуа және Зион Судзуки секілді танымал қақпашыларды басып озды. Аталған үш голкипердің әрқайсысы 19 сейв жасаған. Сонымен қатар қазақстандық қақпашы бір пенальтиді қайтарды.
Алматылық «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбеков те үздік бестікке енді. Ол Конференция лигасының үш кездесуінде 14 сейв жасап, бесінші орынға жайғасты.
Бұл тізімде 18 сейв жасаған Йоханнес Крайдль көш бастап тұр. Одан кейін 16 сейвтен тіркеген Федор Лапоухов, Радослав Маецки және Хави Диас орналасқан.
Айта кетейік, Анарбеков Италияның «Аталанта» клубына қарсы кездесуде ерекше көзге түсті. SofaScore статистикалық порталы қазақстандық қақпашының ойынын 8,5 ұпаймен бағалап, матчтың үздік футболшыларының бірі деп таныды.