«Металлург» Виктор Козловты бас бапкер қызметіне шақырмақ
Магнитогорскінің «Металлург» клубы Виктор Козловты команданың жаңа бас бапкері ретінде қарастырып жатыр, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Арена Бреда» Telegram-арнасының мәліметінше, Орал клубының өкілдері бірнеше күн бұрын «Салават Юлаевтың» қазіргі бас бапкерімен байланысып, оған команданы басқаруды ұсынған.
Бұл ақпарат «Металлургтің» Андрей Разинмен жұмысын тоқтату туралы шешімінен кейін тарады. 6 қазанда магнитогорскілік клуб басшылығы маманды қызметінен шеттеткенін хабарлады. Әзірге бас бапкер міндетін Владимир Воробьев атқарады.
Кадрлық өзгерістерге қарамастан, «Металлург» биылғы маусымды сәтті өткізіп жатыр. 13 ойыннан кейін команда 19 ұпай жинап, ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында көш бастап келеді.
Магнитогорскілік клуб соңғы кездесуін 5 қазанда өткізді. Өз алаңында «Металлург» Владивостоктың «Адмирал» командасымен кездесіп, 2:5 есебімен жеңіліп қалды.
7 қазанда командалар Магнитогорскіде қайтадан мұз айдынына шығады. Бұл кездесуде «Металлургті» Владимир Воробьев басқарады. Ал клуб тұрақты бас бапкердің кандидатурасын таңдауды жалғастырып жатыр.
«Металлург» сапында Қазақстан құрамасының екі негізгі хоккейшісі – шабуылшы Никита Михайлис пен қорғаушы Валерий Орехов өнер көрсетеді. Енді қазақстандық ойыншыларға жаңа бапкерлер штабымен жұмыс істеуге бейімделуге тура келеді.