ҚХЛ: қонақтар үш кездесудің үшеуінде де жеңіске жетті
Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында үш матч өтіп, үшеуінде де қонақтар жеңіске жетті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Нижний Новгородтың «Торпедосы» Мәскеуде жергілікті «Динамоны» жеңді. «Сарыарқа» мен Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері жаттықтыратын команда соңғы алты матчтың бесеуінде жеңіліп қалды.
«Динамо» Мәскеу – «Торпедо» 1:3
(1:2, 0:1, 0:0)
Минскіде ЦСКА жергілікті «Зубрлардан» басым түсті. Армиялық клуб қатарынан жетінші жеңісіне қол жеткізді. Өскеменде туған Игорь Никитин шәкірттері Батыс конференциясында екінші орында келеді.
«Динамо» Минск – ЦСКА 1:4
(0:2, 0:1, 1:1)
«Северсталь» мен «Адмирал» арасындағы матч нағыз триллерге айналды. Череповец командасы 1:3 есебімен ұтылып жатып, таразы басын теңестірді. Нәтижесінде кездесудің тағдыры буллиттер сериясында шешілді. Онда «теңізшілер» дәлдік танытты. Шешуші соққыны «Барыстың» бұрынғы шабуылшысы Энтони Камара орындады.
«Северсталь» – «Адмирал» 3:4 Б
(0:1, 1:1, 2:1, 0:0, 0:1)