Сидни Кросби ҰХЛ-да тарихи рекорд орнатты
«Питтсбург Пингвинз» командасының капитаны Сидни Кросби Ұлттық хоккей лигасының тарихына енді. Ол капитандық қызмет атқару ұзақтығы бойынша жаңа рекорд орнатты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Канадалық шабуылшы ҰХЛ тарихында бір команданың капитаны ретінде қатарынан 20 маусым өткізген алғашқы хоккейші атанды.
Тарихи көрсеткіш тұрақты чемпионат аясында «Филадельфия Флайерзге» қарсы сырт алаңдағы матчта тіркелді. Кездесу «Питтсбургтің» 7:0 есебіндегі ірі жеңісімен аяқталды.
Бұған дейінгі рекорд аты аңызға айналған канадалық хоккейші Стив Айзерманға тиесілі еді. Ол 1983 жылдан 2006 жылға дейін 19 маусым бойы «Детройт Ред Уингз» командасын капитан ретінде бастап шыққан. Енді Кросби бұл жетістікті жаңартты.
37 жастағы шабуылшы мансабында көптеген жеке және командалық жүлдеге ие болды. Кросби «Питтсбургпен» бірге Стэнли кубогын үш рет — 2009, 2016 және 2017 жылдары жеңіп алды. Сонымен қатар ол тұрақты чемпионаттың ең нәтижелі ойыншысына берілетін жүлдені екі рет иеленіп, 2007 және 2014 жылдары маусымның MVP ойыншысы атанды.
Сондай-ақ канадалық хоккейші тұрақты чемпионатта екі рет ең үздік сұрмерген атанды. Ал 2016 және 2017 жылдары плей-оффтың ең құнды ойыншысына берілетін жүлдені жеңіп алды.
Кросби Канада құрамасы сапында да айтарлықтай жетістіктерге жетті. Оның қоржынында 2010 және 2014 жылдардағы Олимпиада ойындарының екі алтын медалі бар. 2015 жылы әлем чемпионатында жеңіске жетсе, бір жылдан кейін Әлем кубогын иеленді. Ал 2025 жылы Канада құрамасының Төрт ұлт турнирінде жеңіске жетуіне үлес қосты.
Осылайша, Сидни Кросби ҰХЛ тарихын қайта жазуын жалғастырып, жетістіктерінің қатарына тағы бір тарихи рекорд қосты.