Әлімханұлы – Шираз: чемпиондық жекпе-жек ресми бекітілді
Queensberry промоутерлік кормпаниясы Дүниежүзілік бокс ұйымы — WBO ұйымдастырған саудада жеңіске жетіп, Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз арасындағы чемпиондық жекпе-жекті өткізу құқығына ие болды, деп хабарлайды Рrosports.kz.
Алдағы жекпе-жекте WBO-ның екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеуі сарапқа салынады. Қазіргі таңда бұл титул британдық боксшы Хамза Ширазға тиесілі. Ал Жәнібек Әлімханұлы міндетті үміткер мәртебесіне ие болып, чемпионмен кездесуі тиіс.
Бокс кешін ұйымдастыру құқығы үшін екі промоутерлік компания таласты. Queensberry 1 миллион 189 мың доллар көлемінде ұсыныс жасаса, Top Rank 820 мың доллар ұсынған. Нәтижесінде ең жоғары соманы ұсынған британдық Queensberry компаниясы жеңімпаз атанды.
Енді басты мәселе жекпе-жектің нақты өтетін күні мен орнын анықтау. The Ring басылымының мәліметінше, қазіргі таңда кездесуді өткізудің үш нұсқасы қарастырылып жатыр. Олар — Лондон, Бирмингем және Нью-Йорк қалалары. Ал алдын ала жоспарланған күндер ретінде 28 қараша мен 5 желтоқсан аталып отыр.
Жәнібек Әлімханұлы соңғы ресми жекпе-жегін 2025 жылдың сәуір айында өткізген. Астанада өткен кездесуде ол Анауэль Нгамиссенгемен жұдырықтасып, қарсыласын мерзімінен бұрын жеңген болатын.
Ал Хамза Шираз WBO-ның екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеуін 2026 жылдың мамыр айында Алем Бегичті жеңу арқылы иеленді. Енді Шираз чемпиондық белбеуін Қазақстан өкілі Жәнібек Әлімханұлына қарсы міндетті түрде қорғауы тиіс.