Михаил Шайдоровтың мәселесіне қатысты шешім шығарылды
Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жағдайына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
«ҚР ТСМ Спортты дамыту дирекциясы спортшыларға жалақыны қолданыстағы келісімшарттар мен халықаралық жарыстарға дайындықтың бекітілген шарттарына сәйкес төлейді
Михаил Шайдоровқа қатысты айтар болсақ, 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақысы бұрын жасалған келісімшарт негізінде толық төленді.
2026 жылдың наурыз айынан бастап спортшының Миланда өткен Олимпия ойындарында алтын медаль жеңіп алғаны ескеріліп, жаңа келісімшарт жасау жоспарланған болатын. Жаңа келісімшартта келесі олимпиадалық цикл аясындағы дайындық пен қаржыландырудың жаңартылған шарттары қарастырылған. Қазіргі уақытта келісімшарт талаптары тараптар арасында талқыланып жатыр.
Мұндай тәжірибе жаңа олимпиадалық циклге дайындық жүйесіне кіретін барлық спортшыға қолданылады және ұзақ мерзімді мемлекеттік қаржыландырудың қалыпты тәртібі саналады. Сонымен қатар мемлекет спортшыны олимпиадалық жетістігі үшін ынталандыруға қатысты өз міндеттемелерін толық орындайды деп атап өтеміз.
Олимпия ойындарының алтын медалін жеңіп алғаны үшін Михаил Шайдоровқа 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы төлеу, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылған», - делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров бүгін ғана берген сұхбатында бірнеше ай бойы жалақы алмағанын жариялаған болатын. Спортшының айтуынша, бұл жағдай оның Олимпиададан кейін өз жалақысының жарияланғанына байланысты Туризм және спорт министрлігін сынаған пікірінен кейін туындауы мүмкін.
«Осыған қатысты жағымсыз пікір білдіргеннен кейін мені жазалағысы келген сияқты. Олимпиададағы жеңістен бері жалақы алмай жүрмін. Қазір келесі маусымға дайындалуым керек, бірақ қалай дайындалатынымды түсінбеймін. Жаттығу жиындарының мерзімі, бағдарламаны қою уақыты жоспарланған. Бағдарлама қою шығындарын төлеу туралы бірнеше рет сұрадық. Бір адам бір нәрсе айтады, екіншісі басқа жауап береді. Ештеңе түсініксіз. Ал 1 ақпаннан бастап дәрігерімді алып тастады», — деді Шайдоров.
Сондай-ақ спортшы жалақысы жарияланған кезде оған мұның себебі түсіндірілмегенін айтты.
«Олимпиадалық цикл төрт жылға созылады. Неге тек бір жылдық табысымды жариялады, ал басқа спортшылардікі көрсетілмеді? Мен тек дамып, өнер көрсеткім келеді. Еліміздің алтын қорындағы спортшы болып қалып, көк туымызды көтергім келеді. Менде үлкен әлеует бар. Интрига мен жанжалдың қажеті жоқ, маған тек даму маңызды. Жалақымның жарияланғаны маған жағымсыз екенін айттым. Біріншіден, бұл заңға қайшы. Шынымды айтқаным үшін мені жазалағысы келетіндей көрінеді. Соның салдарынан маған еңбек сіңірген спорт шебері атағын бермей, бүкіл командамның жалақысын төлемей отыр», — деп қосты спортшы.
Еске салайық, Олимпиада алтынын жеңіп алғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты арнайы марапаттаған болатын. Мемлекет басшысы оның жеңісін қазақстандық спорт тарихындағы аса ірі жетістік деп бағалаған еді.
Қазақстан құрамасы көркем гимнастикадан Азия чемпионатында 9 медаль жеңіп алды
Қазақстан ҰОК Халықаралық Олимпиадалық академия сессиясына қатысты