Қазақстандық теннисші Испаниядағы турнирде сәтті өнер көрсетуде
Қазақстандық теннисші, әлемнің 188-ракеткасы Тимофей Скатов Валенсия (Испания) ATP 175 турнирі іріктеу сайысының финалына өтті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Іріктеу сайысының 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы бастапқы кездесуін ATP рейтингісінде 504-орында тұрған испаниялық Карлос Лопес Монтагудпен өткізді.
Тартысты өткен матчта Тимофей 6:3, 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті.
Екі сағат 9 минутқа созылған бәсекеде Скатов 5 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды. Жергілікті спортшы 6 эйс, 2 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, іріктеу сайысының финалында Тимофей Скатов әлемнің 258-ракеткасы, германиялық Генри Сквайрмен ойнайды. Оны жеңсе, негізгі турнирге өтеді.
Валенсияда 12-17 мамыр аралығында болатын аталмыш доданың жүлде қоры 272 720 еуроға бағаланған. Жарыс жеңімпазы 43 635 еуроға қоса 175 рейтингілік ұпайға қол жеткізеді.