«Шақпақ жейделілерді» жеңіп, ширек финалға жолдама алдық

Футзалдан Еуропа чемпионатының С тобында Қазақстан құрамасы Хорватия командасымен кездесіп, Балқан түбегінің өкілдерінен басым түсті.

Бұл кездесу Қазақстан үшін де, Хорватия үшін де өте маңызды болатын. Матчтың қай жеңгені Еуропа чемпионатының ширек финалына жолдама алуға жақындай түседі. Құрамалардың да деңгейі бір-бірінен аса үлкен емес – Қазақстан ФИФА рейтингісінде 15-ші, Хорватия 16-шы орындарда келе жатыр.

Алғашқы минуттар қазақстандық команданың еншісінде кетті. Какау шәкірттері сәт сайын ұрымтал тұстан соққы жасап тұрған, бірақ хорватиялықтардың қақпашысы Ива Джукич өз иелігін сенімді қорғады. 6-минутта номиналды алаң иелері нәтижелі шабуыл ұйымдастырды. Алаң ортасында Таку қос қорғаушының тасасынан шығып, алыс бұрышты көздеді – бағана. Кері серпілген допқа бірінші жеткен Дуглас Қазақстанды алға шығарды. Бірақ бұл нәтиже тоблода ұзақ сақталмады. Бір минуттан соң Матошевич таразы басын теңестірді. Құрама капитаны Дінмұхамет Сүлейменов өз қақпасының маңында өрескел қате жіберіп, допты Матошевичтің аяғына салып берді – соңғысы бос қақпаны дәл көздеді. Дегенмен бұл есеп те 20 секунд қана сақталды. Сүлейменов қос қорғаушыны алдап өтіп, сол аяғымен жойқын соққы жасады – 2:1. Осылайша, біздің капитан өз қатесін жөндей алды. Таймның орта белінде хорваттар допқа көбірек иеліп етіп, қазақстандықтар қарымта шабуылдан бақ іздеді. 15-минутта оң қанатта Игита қателесіп, нәтижесінде «шақпақ жейделілер» есепті теңестіріп кете жаздады. Абырой болғанда, Дуглас қақпашының рөлін тамаша атқарды. Ал 17-минутта сол қанатта Таку жойқын соққы бағыттаған, Джукич бұл допты кері қайтара алғанымен, Жаманқұлов тепкен допқа төтеп бере алмады – 3:1. Санаулы уақыттан соң Таку тағы бір рет соққы жасап көрген, бұл жолы хорваттарды бағана құтқарып қалды.

Екінші таймды Мато Станкович шәкірттері белсендірек бастаған, бірақ уақыт өте қазақстандықтар басымдықты өз қолдарына алды. 25-минутта Шыңғыс Есенаманов тамаша мүмкіндікке ие болды, бірақ Қазақстанның 10-нөмірлі ойыншысы Дугластың пасынан кейін допты бағанаға тигізді. 27-минутта Какау шәкірттері өздерінің төртінші голдарын соқты. Сүлейменов допты қақпа маңындағы Леоға қалдырған, соңғысы Жаманқұловты паспен тапты, Серік бос қақпаны дәл көздеді – 4:1. Бұл Жаманқұловтың матчтағы екінші, чемпионаттағы үшінші голы болатын. Өз қақпасына төртінші голды жіберіп алған «шақпақ жейделілер» алаңға қақпашының орнына бесінші ойыншысын шығарып, шабуылға ұмтылды. Ал қазақстандықтар болса, қорғаныста сыр бермей, қарсыластың бос қалған қақпасын дәл нысаналауға тырысты. 33-минутта хорваттар тамаша комбинация ұйымдастырып, нәтижесінде Джосеф Сатон есеп айырмасын қысқартты. 35-минутта Есенаманов тамаша екі мүмкіндікті пайдалана алмады. Алғашқысында бос қақпаны дұрыс көздей алмаса, артынша қақпашымен бірге-бір шыққан – Джукич бұл дуэльде жеңімпаз атанды. Кездесудің аяқталуына екі минут қалғанда Жаманқұлов қарымта шабуыл ұйымдастырып, нәтижесінде Серік хет-трик жасайтын мүмкіндігін пайдалана алмады - бағана. Қорытынды есеп – 4:2, Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатында алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Осылайша Какау шәкірттері үш ұпай жинап, ширек финалға берілер жолдамаға ие болды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или