Робин «ropz» Коль Team Vitality сапына қосылды
Team Vitality ұжымы команда сапына Робин «ropz» Коль қосылғанын жариялады, ол Лотан «Spinx» Гиладидің орнын басады, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі клубтың X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап.
Team Vitality киберспорт ұйымы Робин «ropz» Колдің CS2 командасына қосылғанын ресми түрде растады. Ол командада екі жылдан астам уақыт ойнаған Лотан «Spinx» Гиладидің орнын басты. Израильдік ойыншының мансабын қайда жалғастыратыны әлі белгісіз.
Ropz соңғы екі жылда FaZe Clan сапында өнер көрсетіп, көптеген жетістіктерге жетті, соның ішінде PGL Major Antwerp 2022 турнирінде топ жарды. Team Vitality құрамында Коль әлемдік сахнада үстемдік етуді жалғастыруды көздейді.
FaZe Clan-ға келетін болсақ, командаға Джонатан «EliGE» Яблоновски қосылды, ол бұрын Complexity Gaming ұжымында өнер көрсеткен.
Team Vitality-дің жаңартылған құрамының дебюті туралы мәліметтер әлі жарияланған жоқ. Дегенмен, жанкүйерлер клубтың жаңа жұлдызбен титулдар үшін күресті жалғастыратынына сенімді.