Команда жақын күндері оқу-жаттығу жиынын бастайды
Team Falcons ойыншысы Илья m0NESY Осипов IEM Cologne Major 2026 турниріне дайындық барысы туралы айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Киберспортшының сөзінше, команда жақын күндері маусымның басты жарысы алдындағы бірлескен оқу-жаттығу жиынын бастайды.
«Мейджорға дайындық қалай жүріп жатыр? Арғы күні буткемпті бастаймыз», – деді m0NESY.
Сондай-ақ мерген өз ойын формасына көңілі толатынын жеткізді.
«Жеке деңгейде күн сайын өзімді барған сайын жақсы сезініп келемін», – деп мәлімдеді Осипов.
Алдағы мейджор Team Falcons үшін ірі турнирлер финалындағы сәтсіздіктер сериясын тоқтатуға мүмкіндік болмақ.
Финн Андерсен командаға қосылғаннан кейін ұжым қатарынан екі рет ірі жарыстардың финалына шықты. Алайда PGL Astana 2026 және CS Asia Championships 2026 турнирлерінің шешуші матчтарында жеңіліс тапты.
IEM Cologne Major 2026 турнирінің алғашқы кезеңі 2-5 маусым аралығында өтеді.
Бұл сатыда 16 команда келесі кезеңге берілетін сегіз жолдаманы сарапқа салады.