«Әлем чемпионын жеңген Қазақстан турнирде топ жаруға тиіс». Португалияда Қазақстанның жеңісі жайлы не деді?
Өзбекстанда өтіп жатқан футзалдан әлем чемпионатының басты сенсациясын Қазақстан құрамасы жасады десек артық болмас. Кака баптайын жігіттер әлем үздіктері Португалияны жарыс жолынан шығарды.
Бұл нәтиже жайлы португалиялық танымал Zerozero.pt сайтының футзал шолушысы Бруно Симоес Prosports.kz тілшісіне бірнеше сұраққа жауап берді.
- Бруно, Португалия Қазақстаннан әлем чемпионатында жеңілгенін қалай қабылдады?
- Біртүрлі сезім. Шынын айтсақ, біз енді сәтсіздікке үйренбегенбіз. Трагедия, фиаско деп айтуға да болмас. Себебі, біздің жарыстан шығарған команда әлемдегі мықты құрамалардың бірі. Сондықтан, бүгін біз үшін сәтсіздеу күн болды деген дұрыс шығар.
- Жалпы, Португалия құрамасы көптен бері жеңілген жоқ па?
– Португалия 2016 жылы Колумбияда өткен әлем чемпионатынан бері ірі турнирлердің соңғы кезеңдерінде жеңілген жоқ. Сегіз жылдай ресми ойындарда ешкімге есе жібермедік, бірақ өткен жылдың соңында Грузиядан жеңіліп қалдық. Бірнеше жолдастық кездесулерде, тіпті әлем чемпионатына дайындық кезінде де жеңіліске ұшырадық, бірақ жеңіліс жиі болған жоқ.
- Қазіргі Қазақстан құрамасына қандай баға бересіз?
– Қазақстан құрамасы – футзалдан классикалық әлемдік құрама. Ірі додаларда топ жармаса да, әрқашан соңғы кезеңде және шешуші шайқастарға қатысады. «Қайраттың», «Семейдің» базасына негізделген мықты құрама. Бірақ мен үшін үш негізгі тірек бар: Игита, Дуглас Жуниор және бас бапкер Кака.
- Сіздің ойыңызша, Қазақстан Португалиядан қай жағынан басым болды?
- Қазақстан, жалпы алғанда, Португалиядан мықты болды деп кесіп айта алмаймын. Дегенмен, шешуші сәттерде қарсылас батыл шешімдер қабылдады. Біздің команда Игитаға қысым көрсету арқылы оның ойын стиліне өте жақсы қарсы тұрды, бірақ бұл жеткіліксіз болды.
- Сіздің ойыңызша, Қазақстан құрамасы енді бұл әлем чемпионатында қаншалықты алға жылжи алады?
– Бірнеше досыма Португалия Қазақстанды жеңсе, әлем чемпионы болатынын айттым. Қазақстандықтар Португалиямен ойында шаршаңқы екенін байқадым. Дегенмен, ықтимал қарсыласы Аргентинаны ұтса, финалға дейін жететініне сенімдімін. Ал, шешуші матчта бәрі орын алуы мүмкін.