«Ақтөбе» өз фанаттарын қуанта алмады. Бірақ келесі кезеңге өтті
«Ақтөбе» Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Ақтөбенің» қарсыласы «Торпедо Кутаиси» болды. Грузияда өткен алғашқы матчта ақтөбеліктер 4:1 есебімен жеңген.
Сондықтан Ақтөбеде өткен қарымта матчта интрига аз болды. Оның үстіне, ақтөбеліктер 31-минутта алға шықты. Максим Самородов Бауыржан Байтанадан пас алды да, жақын бұрышты дәл көздеді.
Бірақ екінші таймда грузиялық команда ойын тағдырын өзгерте алды. Алдымен 58-минутта Георгий Арабидзе есепті теңестірсе, кейін Иракли Бугридзе «Торпедоны» алға шығарды.
78-минутта Ника Сандохадзе алаңнан қуылса да, «Ақтөбе» 10 футболшымен қалған қарсыласына тағы бір гол соға алмады. Қорытынды есеп - 1:2.
Осылайша, екі матчтың қорытындысы бойынша 5:3 есебімен жеңген ақтөбелік клуб келесі кезеңге жолдама алды.
Конференция лигасы. Екінші іріктеу кезеңі. Бірінші матч - 4:1
«Ақтөбе» - «Торпедо» (Кутаиси, Грузия) 1:2 (1:0)
Голдар: Самородов 31, Арабидзе 58, Бугридзе 66
Алаңнан қуылды: Сандохадзе 78