Головкин бас тартқан чемпиондық белдіктердің жаңа иелері анықталды

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (42-2-1, 37 КО) наурыз айында WBA Super, IBF және IBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы белдіктерінен бас тартқан болатын. Енді титулдардың жаңа иелері анықталды.
Головкин WBA Super атағынан бас тартқаннан кейін кубалық боксшы Эрисланди Лара (29-3-3, 17 КО) толыққанды чемпион атанды. Ол бұған дейін «уақытша» чемпион болған еді.
Бүгін тағы екі белдіктің иелері анықталды: IBF нұсқасымен 160 фунтта жаңа чемпион атағына бразилиялық Эскива Фалькаоны (30-1, 20 КО) күтпеген жерден жеңіп кеткен неміс боксшысы Винченцо Гуальтиери (21-0-1, 7 КО) ие болды. IBO титулына келетін болсақ, оны Чили боксшысы Хулио Аламосты (16-1, 9 КО) жеңген италиялық Этинос Олиха (18-0, 8 КО) иеленді.
Естеріңізге сала кетейік, орта салмақта әлем чемпионы титулына, сондай-ақ қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (14-0, 9 КО, WBO белдігі) және америкалық Джермалл Чарло (32-0, 22 КО, WBC белдігі) ие.