Елена Рыбакина Рим мастерс турнирінің ширек финалына шықты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина Рим WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші төртінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 70-орында тұрған чехиялық Маркета Вондроушовамен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар 2021 жылы Мәскеу жарысында кездесіп, онда чехиялық теннисші 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы бірінші партияда Е.Рыбакина 6:3 есебімен басым түсті.
Екінші сетте қазақстандық теннисші 4:1 есебімен алға кеткенімен, чехиялық спортшы қайыра брейк жасады. Дегенмен Елена матчты тағы бір брейкпен бітірді – 6:3.
Бір сағат 14 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 4 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді. Қарсыласы 2 брейктен (8 брейк-пойнт) аса алмады.