Шайбалы хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы буллитте Норвегиядан басым түсті
Шайбалы хоккейден 2023 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында бүгін, 13 мамырда Қазақстан құрамасы Норвегиямен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрамалар В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Канада, Словения, Чехия, Швейцария, Словакия, Латвия.
Кездесу барысында құрамалар тартысты ойын өткізді. Бір-бірінің қақпасы маңында жиі бой көрсетті.
Алдымен норвегиялық құрамадан Микаэль Хага 7, Оле Юлиан Хольм 9-минутта екі шайба соғып кетті. Оған 15-минутта қазақстандық Максим Мусоров бір голмен жауап қайырды.
Ойынның екінші кезеңінде 21-минутында Микаэль Хага қайтадан өз құрамасын алға шығарса, 35-минутта қазақстандық Валерий Орехов көздеген нысанадан мүллт кеткен жоқ.
Ал 51-минутта қазақстандық Никита Михайлис таразы басын теңестірді.
Негізгі кезең 3:3 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллиттен Қазақстан құрамасы жеңіске жетті.