«Ешқандай тактика жүрген жоқ». Азия чемпионы Нұрғиса Әділетұлы жеңісі жөнінде пікір білдірді
Ауыр атлетикадан 2023 жылғы Азия чемпионы атанған Нұрғиса Әділетұлы бүгінгі жеңісі жөнінде пікірін білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Құрлықтық додада 102 салмақ дәрежесінде сынға түскен ол қоссайыс қорытындысында<span> </span>400 (181+219) келіні бағындырды.
«Бүгін жеңіс тұғырына көтерілдім. Бұл табысымды еліміздің қорғаған барша қаһарман жандарға арнағым келеді. Кешегі сұрапыл жылдарда жеңісті жақындатқан ержүрек аталарымыздың даңқы ешқашан өшпейді. Жаттығу жиынында 190 және 200 келіні көтеріп жүрдім. Сол себепті өзім үшін бүгінгі көрсеткіш рекорд болып отыр. Жарыс ойдағыдай өтті. Ешқандай тактика жүрген жоқ. Серпуде корей спортшысының нәтижесі менің көрсеткішіммен деңгейлес болды. Сондықтан көрсеткішімді жақсарта түстім. Алда үлкен жарыстар күтіп тұр. Әлем чемпионаты жақындап келеді. Олимпиадаға лицензиялық жарыстар бар. Сол жарыстарда да жеңімпаз тұғырынан көрінемін деген ойдамын», - деді ол.
Аталған салмақта Оңтүстік Корея спортшылары Йосен Джин мен Йохан Чан жүлделі орындарға табан тіреді.
Сондай-ақ, ел құрамасынан Азия чемпионатында Арли Чонтей ( 55 кг) мен Алексей Чуркин (73 келі) қола жүлдегер болды.
Нұрғиса Әділетұлы 2000 жылы 8 қазанда Шымкент қаласында дүниеге келген.
2020 жылы Колумбия астанасы Богота қаласында өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында 96 келіде күміс жүлде алды.
Сол жылы Азия чемпионатында екінші орынға ие болды.