«Ордабасының» бұрынғы президентіне іздеу жарияланды

«Ордабасының» бұрынғы президентіне іздеу жарияланды

Антикор Бақтияр Байсейітовке қаржы жымқырды деген айыппен іздеу жариялады, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қаратау» ЖШС («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес кәсіпорны) және «Iri building» ЖШС лауазымды тұлғаларына 2019-2021 жылдары Қаратау кенішінде (Түркістан облысы Созақ ауданы) қызмет көрсету кезінде қаржы жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Тергеу барысында анықталғандай, Байсейітов Сатыбалдыұлымен туыстық байланысын қолдана отырып бақылауындағы «Iri building» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметіне лобби жасаған. 2019 жылы кәсіпорын мен «Қаратау» квазимемлекеттік сектор субъектісі «Қаратау» кенішінде 6,2 млрд теңгеге құрылыс жұмыстарын жүргізуге келісімшарт жасасқан. 

Байсейітов «Iri building» ЖШС қызметін тікелей басқарып, нысанның құрылысына түскен қаражатты үлестірген, қажетті жабдықтардың бір бөлігі алынбай, оған арналған қаражатты заңсыз иеленіп алған.

Мемлекетке 320 миллион теңгеден астам шығын келген.

Қазір Байсейітов Қазақстаннан тыс жерде. Оның заңсыз әрекеттері Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сараланыып, оған іздеу жарияланды.

Аталған тұлғаның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қайрат Сатыбалдыұлы биыл наурыз айында ұсталған болатын. 26 қыркүйекте ол билігін асыра пайдаланды және аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген айыппен 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал Бақтияр Байсейітов ұзақ уақыт қазақстандық клубтарда жаттықтырушы болып жұмыс істеді. 2017 жылдан 2022 жылдың ақпанына дейін «Ордабасы» клубының президенті болды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или