Теннис

Билли Джин Кинг кубогы: Қазақстан теннисшілері қай жағдайда жартылай финалға шығады?

Билли Джин Кинг кубогы: Қазақстан теннисшілері қай жағдайда жартылай финалға шығады?

Шотландияның Глазго қаласында теннистен командалық әлем чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды Prosports.kz.

Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңінде С тобында Қазақстан мен Ұлыбритания құрамалары кездесті.

Кортқа алғашқы болып Қазақстанның екінші, әлемнің 51-ракеткасы Юлия Путинцева мен дүниежүзілік рейтингіде 124-орында тұрған Кэти Бултер шықты.

Осыған дейін қарсыластар екі рет кездесіп, екеуінде де Путинцева жеңіске жеткен еді. Ойынның бірінші сетінде Бултер ойын соңына дейін басымдылықты сақтап қалды – 6:4. Екінші партияда керісінше қазақстандық спортшы брейк жасап, есепті 4:2-ге жеткізді. Сосын өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3. Үшінші, шешуші сетте Путинцева қатарынан екі брейк жасады – 4:0. Содан соң өзінің екі геймін алды – 6:2.

Екінші кездесуде Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Елена Рыбакина мен дүниежүзілік рейтингте 98-сатыда тұрған Хэрриет Дарт кортқа шықты.

Осыған дейін қарсыластардың екі мәрте жолдары түйіскен. Екеуінде де қазақстандық теннисші британдықтан айласын асырғанын айта кету керек.

Бірінші партияда Рыбакина қарсыласына дес бермей 6:1 есебімен жеңді.

Екінші сетті қазақстандық спортшы 2:0 есебімен сәтті бастағанымен, Дарт таразы басын теңестірді. Есеп 4:4 болған мезетте Елена тағы бір брейкке қол жеткізді. Содан кейін допты ойынға қосқаннан кейін, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.

Осылайша, Қазақстан 2:0 есебімен алға шығып, уақытынан бұрын жеңіске жетті.

Үшінші матчта Анна Данилина мен Елена Рыбакина жұп құрып, ұлыбританиялық Алисия Барнетт пен Оливия Никколс жұбына жеңілді. Есеп: 5:7, 3:6.

Бүгін С тобында Қазақстан құрамасы Испаниямен кездеседі. Егер қарсыласын жеңсе, жартылай финалға жолдама алады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0