Арман Царукян UFC-дің бұрынғы чемпионымен белдеседі
Real American Freestyle кәсіби күрес лигасы келесі турнирінің басты белдесуіне қатысатын спортшыларды жариялады, деп хабарлайды Prosports.kz.
29 қарашада Чикагода өтетін турнирдің басты оқиғасында UFC файтері Арман Царукян америкалық Энтони Петтиспен кездеседі. Петтис бұған дейін UFC чемпионы атанған.
Царукян 30 жаста. Ол аралас жекпе-жектегі кәсіби мансабын 2015 жылы бастап, төрт жылдан кейін UFC ұйымына қосылды. Әлемдегі ең ірі ММА промоушенінде өнер көрсеткен кезеңде 11 жеңіске жетіп, екі рет жеңіліс тапқан.
Ал 39 жастағы Энтони Петтис кәсіби аралас жекпе-жекте 2007 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Америкалық спортшы WEC ұйымында чемпиондық атаққа қол жеткізген. 2011 жылы UFC-ге ауысып, 2020 жылға дейін осы промоушенде өнер көрсетті. Осы аралықта жеңіл салмақта, яғни 70 келіге дейінгі дивизионда UFC чемпионы атанды.
Петтис UFC аясында 11 жеңіске жетіп, тоғыз рет жеңілген. Енді бұрынғы чемпион RAF лигасының турнирінде Арман Царукянмен белдеседі. Чикагодағы кездесу кәсіби күреске арналған кештің басты оқиғасы болмақ.