Жәмила Бақбергенова әлем чемпионатының финалына шыға алмады
Қазақстандық балуан Жәмила Бақбергенова Астанада өтіп жатқан әйелдер күресінен әлем чемпионатының финалына шыға алмады, деп хабарлайды Prosports.kz.
72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жартылай финалында отандасымыз Қытай өкілі Ли Цзелумен белдесті.
Тартысты өткен кездесуде қытайлық балуан 4:2 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Ли Цзелу әлем чемпионатының финалына жолдама алса, Жәмила Бақбергенова қола медаль үшін күреседі.
Айта кетейік, қазақстандық балуанның халықаралық аренада тәжірибесі мол. Ол Азия чемпионатында төрт рет топ жарған. Сонымен қатар әлем чемпионаты мен 2022 жылғы Азия ойындарында күміс медаль иеленген.
Ли Цзелу де халықаралық жарыстарда бірнеше рет жүлдегер атанған. Оның еншісінде Азия чемпионатының алтын медалі, әлем чемпионатының қола жүлдесі және 2025 жылы Гран-при турнирінде жеңіп алған күміс медаль бар.