Футзал

«Жабық турнирлер шаршатты». Қайрат Оразбеков - Чемпиондар лигасы Элиталық кезеңінің жеребесі туралы

«Жабық турнирлер шаршатты». Қайрат Оразбеков - Чемпиондар лигасы Элиталық кезеңінің жеребесі туралы

«Қайрат» АФК президенті Қайрат Оразбеков Prosports.kz тілшісі Владимир Жарковқа берген эксклюзив сұхбатында команданың Чемпиондар лигасындағы ойынынан алған әсерін бөлісіп, турнирдің Элиталық кезеңінің жеребе тарту қорытындысына қатысты пікірін білдірді.

- Қайрат Айтмолдаұлы, УЕФА Чемпиондар лигасы Элиталық кезеңінің жеребесі туралы не айта аласыз? Сіздің ойыңызша, ол «Қайратқа» ұтымды ма?

- Жақсы сұрақ. Негізгі кезеңде «өлім тобына» түскенімізді ескерсек, одан кейін бізге ешкім қорқынышты болған жоқ. Менің ойымша, бұл біз үшін қолайлы жеребе, оның үстіне өз алаңымызда ойнаймыз.

- «Қайрат» АФК Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде үшінші орын алған, сондықтан жеребе кезінде үшінші себетке түсті. Турнирдің келесі кезеңіндегі қарсыластар еуропалық футзал алпауыттарының бірі болатыны анық еді. Қарсылас ретінде бірінші себеттен қай клуб түскенін қаладыңыз ба?

- Иә, әрине, біз негізгі кезеңде бірінші орынмен шықпаған соң, Элиталық кезеңде бірінші себеттегі командамен кездесетінімізді түсіндік. «Бенфика» түсті, олармен көптен бері ойнамадық. Бұл өте абыройлы клуб. Мен де, бүкіл команда да осы клубпен кездескіміз келеді, тек алаңда ғана емес. Лиссабондық клубтың басшылығымен қуана-қуана бір бокал «Порто» ішер едім (жымиды).

– «Қайраттың» Негізгі кезеңдегі өнеріне тоқталсаңыз? Команда негізгі мәселені шешті, бірақ ол сіздің үмітіңізді ақтады ма?

- Сәл уақыт өткен соң айтайын, жалпы команда тапсырманы орындады. Бұл ретте көптеген сұрағым бар – бапкерлерге де, ойыншыларға да. Бірақ, Құдай қаласа, уақытымыз жетерлік, топтан бірінші орынмен шығуымызға кедергі болған кемшіліктерді түзетеміз деп сенемін.

- «Қайрат» қашанға дейін жанкүйерлерінің жүйкесін жұқартып ойнай береді, өйткені біз клубтың халықаралық аренадағы сенімді жеңістері қандай екенін ұмыта бастадық.

- Білесің бе, мен өзіме де осы сұрақты қоямын, қиын сұрақ. Бірақ оған жауап таптым. Өткен маусым әлем және Еуропа чемпионаттары жылы болғанын және оның алдында пандемия болғанын түсіну керек. Сондықтан барлық дайындық нашар болды – жоспарлаған матчтарды өткізе алмадық, маусымға дұрыс еніп кете алмады. Бірақ, ең бастысы, «Қайрат» ұлттық құраманың мүддесі үшін белгілі бір құрбандықтарға баруға мәжбүр болды, бұл, былайша айтқанда, мақсатты шығын болды және ол өзін ақтады. Клуб пен ұлттық құрамаға бірдей жақсы дайындалу мүмкін емес еді.

- Жаңадан келгендер туралы не айта аласыз, олар клубтың философиясын түсіне алды ма?

– Негізгі кезеңге дейін біреулер түсініп үлгермеген болса, қазір міндетті түрде түсінеді (күлді). Қазір олар «Қайрат» деген не екенін, жеңімпаз рухы қандай екенін, соңғы секундқа дейін күресудің не екенін түсінді.

- Сіздің және бапкерлік штабтың Игитаға қатысты шағымы болды ма? Мен оның «Пальмаға» қарсы матчта алаңнан қуылуын айтып отырмын, бұл біздің капитанның париждік «Спортингке» қарсы шешуші ойыннан шеттетілуіне әкелді.

- Бапкерлер штабының да, жеке менің де Игитаға ешқандай шағымымыз жоқ. Бұл бірегей ойыншы, оның жұмысы ерекше! Қақпа жиегінде және алаңның ортасында бірдей керемет әрекет ету - бұл талант! Ол қарсыластардың барлық тактикалық жоспарын бұзады, олардың барлық тапсырмасын құртады.

Игитаның стилі бүкіл әлемге тарады, оған еліктейтіндер көп, бүкіл Еуропа осылай ойнайды, бірақ Лео жалғыз! Футзал мамандары арасында мұндай термин қазірдің өзінде қолданылады - «Қайрат» стилі, қақпашы алаңның ортасына шығып, толыққанды алаң ойыншысы ретінде әрекет етуі, зеңбіректей соққысы жасауы.

Әрине, мұндай қауіпті стильдің өзіндік құны бар, бірақ қақпашының командаластары сияқты техникалық дайындығы жоқ, оған қақпашының амунициясы кедергі жасайды. Ең бастысы, қасақана өрескелдік болмаса, алаңның ортасында мұндай тәуекелдерге жол береміз. Сондықтан Игитаның қызыл қағазына қатысты қақпашыға ешқандай шағым жоқ.

- Оның дисквалификациясы Элиталық кезең матчтарына да әсер ете ме?

- Игита бір ойыннан шеттетілді. Бақытымызға орай, бәрі сонымен бітті. Бұл үшін УЕФА-ға көп рақмет, бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Өткен жолы дәл осындай жағдайда ол үш ойынға жазаланды, сол кезде Чемпиондар лигасының жартылай финалына шығуымызға кедергі болған. Бірақ Элиталық кезеңнің бірінші матчына венесуэлалық қорғаушы Санц қатыса алмайды. Өкінішке қарай, ол екі сары қағаз алды және автомат түрде дисквалификация болды. Жақсы қорғаушы бізге артық етпес еді. Руис пен біздің сүйікті бапкеріміз Каканың да бір сары қағазы бар - бұл дәстүрге айналған (күлді).

- Команда ойыншылары мен бапкерлерінен «Қайрат» тобының негізгі турда ойнаған залы жоғары деңгейдегі турнирлерге арналмаған деген ақпарат келді. Паркет сапасыз, доп дұрыс үрленбеген сияқты. Бұл рас па?

- Әрине, Негізгі кезеңдегі сайыстарды қабылдау бойынша критерийлер Элитаға қарағанда бірнеше есе төмен. Әрқашан алаң иелері берген доптармен ойнаймыз. Элиталық кезеңде, әрине, бәрі басқаша болады – инфрақұрылым жағынан да, паркет сапасы жағынан да, көрермендер саны бойынша да. Бірақ мен үнемі айтамын: қарсылас дәл біз сияқты жағдайда ойнайды.

– Бірақ мұндайды Қазақстан чемпионаты аясында да елестету қиын ғой.

- Бұл рас. Бірақ бұл жерде айта кеткім келеді, біз әлі де футзал елі атағына үміткерміз, біз ережелер мен барлық техникалық құрал-жабдыққа байыппен қарауға тырысамыз. Сондықтан да біздің ойыншылар матч барысына әсер ететін барлық сәтті анық сезінеді.

- Элиталық кезеңдегі топтардың бірін мини-турнирдің қожайыны ретінде Алматыны ұсыну туралы бастаманы сіз көтердіңіз бе?

- Біз қазақстандықтарға тағы да үлкен футзал көрсету мүмкіндігін асыға күттік. Пандемиялық жабық турнирлер шаршатты. Сондықтан біз бірден УЕФА-ға Элиталық кезең матчтарын өткізуге өтінім бердік. Бізге сол кезеңге өтіп, жеребе тартуды күту керек болды. Енді міне – арманымыз орындалды, жанкүйерлер «Қайратты» Чемпиондар лигасында тағы да өз алаңында, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында көреді.

- «Бенфиканы» жеңіп, Төрттік финалына шығу үшін не істеу керек?

- Бұл біздің топтағы басты қарсылас екені анық, оны жеңу үшін бар күшіңді салып ойнауың керек. Құдай қолдаса, соған тырысамыз.

Фото: «Қайрат» АФК

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0