Қайрат Оразбеков: Әлемде абыройымыз болса да, елімізде футзалға тиісті көңіл бөлінбейді
«Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков «Хабар» телеарнасында «Не Хабар?» бағдарламасында елімізде футзалға өз деңгейінде көңіл бөлінбей өткенін қадап айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
- Осыдан бірнеше жыл бұрын мен үлкен футбол клубтарына ұсыным жасадым. Ол кезде әр клубқа 4-6 млдр теңге бөлінетін. Футзал көп қаржыны қажет ете қоймайды. Бар болғаны 150 млн теңге бөлінсе, кез келген футбол клубтың өз футзал клубы пайда болар еді. Пайда болып қана қоймай, ел чемпионатында абыроймен өнер көрсетеді.
Ешкім құлақ аспады. Сол ақшаны басқа жаққа жұмсағанды жөн көрді. Қалай болмасын, бөлінген ақшаны игеру деген проблема бар бізде. Есепсіз ақша басқа бағытқа жұмсалады.
Қазақстанда үлкен компаниялар көп. Олар үшін 150-200 млн ақша аса үлкен қаржы емес. Футзалға басын бұрып, ақша бөлуді ниеттеген компанияларға мемлекет те барынша көмектесуі керек. Аз ғана қаражат бөлініп отырса, әр өңірде футзал дамиды.