Еуропа чемпионатына төте жол! Қазақстан құрамасына Германиядағы додаға қатысуға үш қадам қалды

Еуропа чемпионатына төте жол! Қазақстан құрамасына Германиядағы додаға қатысуға үш қадам қалды

Футболдан Қазақстан құрамасы осы жылы Ұлттар лигасындағы сенсацияның біріне айналғаны анық. C лигасында 16 команда бар болса, сол құрамалар ішінде жарысты рейтингте он үшінші болып бастаған Магомед Адиев командасы төрт турдан кейін өз тобында сенімді көш бастап тұр. Егер, 22 қыркүйекте Қазақстан Астанада Беларусь құрамасын ұтқан жағдайда бірінші орын алып, B лигасына жоғарылап қана қоймай, 2024 жылы Германияда өтетін Еуропа чемпионатына берілетін жолдамаға таласа алады. Ол үшін екі құрамадан ғана өту керек, деп жазады Prosports.kz.

Қазақстан төрт тур қорытындысы бойынша 10 ұпай жинап, екінші орындағы Словакиядан төрт ұпай озып тұр. Словактар Астанадағы матчтан кейін өз алаңында Әзербайжан құрамасын қабылдайды. Елордада Беларусь жеңілсе, Словакияның B лигасынан да, Еуропа чемпионатынан да үміті үзіледі (Қазақстан іріктеу кезеңі арқылы Еуропа чемпионатына жолдама алады деу қиын). Адиев командасы Астанада сүрінсе, Словакия соңғы турда Қазақстанды Бакуде қабылдайтын Әзербайжанға жанкүйер болады. Егер турнир қорытындысы бойынша Қазақстан мен Словакия тең ұпай жинайтын болса, біздің ұлттық құрама жоғары орналасады. Себебі словакияға қарсы жеке текетіресте қазақстандықтар мүмкін болған алты ұпайды толық алды. 

С лигасында біздің топтан бөлек тағы үш топ бар. 

А квартетінде Түркия құрамасы айқын фаворит. 4 кездесуде 4 жеңіс. 14 гол соққан, бір гол да жібермеген! С лигасында адасып жүр ме деген ойда қаласың. Екінші орындағы Люксембург құрамасы 5 ұпайға артта қалып келеді. 22-сі күні олар түріктермен сырт алаңда ойнайды. Бір сөзбен, Түркия бұл топта жеңімпаз атанары анық. 

B-дағы төрттіктің жеңімпазы ресми түрде Грекия құрамасы болды. Барлық 4 матчта жеңіске жеткен (соққан және өткізілген голдар арасындағы айырмашылық 7-0). Эллиндер кез келген жағдайда бірінші орын алады. Алты ұпай кем жинаған Косово құрамасы екінші орын алуға жақын. 

D әрпімен таңбалаған топта аз да болса бәсекелестіктің шеті көрінеді. Мұнда Грузия құрамасы 10 ұпаймен көш бастап тұрса, Солтүстік Македония құрамасы 3 ұпайға қалып келеді. Алайда, қос команданың бірінші кездесуінде кавказдықтар қарсыласын қонақта 3:0 есебімен ұтқан. Сондықтан, 23 қыркүйекте Тбилиседе грузиндер Македонияға ірі есеппен есе жібереді деу қиын. Ұтылған күннің өзінде Грузия соңғы турда Гибралтармен кездеседі. 

Көріп тұрғанымыздай, топтардың жеңімпазы Қазақстан, Түркия, Грузия және Грекия атануы мүмкін. Осы төрт құрама С лигасынан Еуропа чемпионатына берілетін жалғыз жолдамаға таласады. Рейтингтің үздігі мен соңғысы өзара кездеседі. Мықтысы Түркия, рейтингтегі ең төмені Қазақстан. Ал, Грузия мен Грекия екінші жұпты құрап, кім мықтыны анықтайды. Жеңген құрамалар финалда жолығып, Германиядағы құрлық біріншілігіне қатысу мүмкіндігін сарапқа салады. 

Келесі жылы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі басталады. Аталған командалардың бірі доп додасына іріктеу арқылы жолдамаса алса, С лигасының жолдамасына сол команданың тобындағы екінші орын алған команда қатысуға мүмкіндік алады. Мысалы, Түркия іріктеу арқылы чемпионатқа шықты делік. Ұлттар лигасындағы оның тобында екінші орынды Люксембург алса, осы құрама Грузия, Грекия және Қазақстанмен бірге жалғыз жолдамаға таласады. 

Қалай болғанда да, Магомед Адиев шәкірттеріне Беларусь құрамасына есе жібермеу керек. Соңғы жылдары осы командаға тіс батпай қойды. 2021 жылғы Ұлттар лигасында да бір топқа түсіп, Алматыда 1:2, Минскіде 0:2 ұтылдық. Осы топтық кезеңде де Әзербайжан мен Словакияны (тіпті екі рет) ұтсақ та, Беларусьпен (1:1) матчта сүріндік.   

Қазақстан - Беларусь матчы 22 қыркүйек күні Астанадағы «Астана Арена» стадионында өтеді. Басталу уақыты елорда уақыты бойынша 20:00. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или