Қазақстан мен Ұлыбритания топта үшінші орынға таласады

Қазақстан құрамасы 18 қыркүйек күні Шотландияның Глазго қаласында Дэвис кубогының топтық бәсекесінде Ұлыбритания командасымен ойнайды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл – қазақстандықтардың D тобындағы үшінші матчы. Айта кетейік, Қазақстан мен Ұлыбритания топтық кезеңде 3-ші орын үшін таласады. Екі құрама да келесі кезеңге өту мүмкіндігінен қағылды.
Үлыбритания құрамасы Дэвис кубогына 1900 жылдан бері тұрақты қатысып келе жатқан жалғыз құрама. Әйгілі титулды 10 мәрте иеленген. Соңғы рет Дэвис кубогында 2015 жылы топ жарған. Қазақстан мен Ұлыбритания 2019 жылы осы дода аясында кездескен, сол ойында 1:2 есебімен қарсыласқа жол берген.
Қазақстан мен Ұлыбритания матчы алдында Михаил Кукушкин алдағы кездесу жайында өз ойымен бөлісті. Оның айтуынша, алдағы матч Қазақстан құрамасы үшін қиын болмақ:
«Ұлыбритания өз жанкүйерлері алдында ойнайтынын ескерсек, бізге қиын түседі. Өйткені, қарсыластар екі жеңілістерінен кейін, жергілікті халықты қуантқысы келеді. Бірақ, біз де жеңіс үшін тырысамыз. Бізде осы ойынға дейін екі демалыс күні болды, сондықтан біраз тынығып алдық, осы фактор біздерге жақсы әсер етер»,-деді М.Кукушкин.
Айта кетейік, Кукушкин өткен матчта «Дэвис кубогында» ел құрамасы сапында 50-ші ойынын өткізді. Қазақстандық теннисшінің бұл көрсеткіші екінші нәтиже болып есептеледі. Теннистен ұлттық құрама сапында ең көп ойын өткізген Алексей Кедрюк. Оның еншісінде 100 кездесу.
Қазақстан құрамасы өз тобында Нидерланд және АҚШ командасынан жеңілді.
Қазақстан – Ұлыбритания матчы елорда уақытымен сағат 19:00-де басталады.