Бокс

Асу Алмабаев Головкин - Альварес жекпе-жегіне болжам жасады

Асу Алмабаев Головкин - Альварес жекпе-жегіне болжам жасады

Аралас жекпе-жектен Brave FC лигасының жауынгері Асу Алмабаев қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы жекпе-жекке болжам жасады.

«Негізі бірінші кездесуде Гена ұтты. Ол кезде боксшымыздың жасы да, дайындығы да шыңда тұрған еді. Гена нағыз бабында болған сәтте Канело чемпиондық белбеуін тастап кетіп, жекпе-жекке шықпай қойған. Бұл Генаның мықтылығын тағы бір дәлелдейді. Физикалық тұрғыдан оқ бойы озық тұрған кезінде ешкім онымен жекпе-жекке шыққысы келмегені айдан анық.

Гена қазір де биігінен ылдилады дей алмаймыз, бірақ оның соңынан еріп келе жатқан небір мықты жас бар. Уақыт өз дегенін істейді. Бокс – техниканы, күшті жане ең бастысы – жылдамдықты талап ететін спорт түрі. Өте қиын спорт деп айта аламын.  ММА сияқты емес. ММА кейінгі 10 жылда дамып келе жатса, бокс ғасырлар бойы тарихын түзді. Сол себепті де боксшылар ММА жауынгерлеріне қарағанда қаржы жағынан әлдеқайда көп табады деп ойлаймын.

Үшінші  жекпе-жекті айтсақ, жасымен де, чемпиондық титулмен де Канело фаворит болып тұр. Бұл жолы Гена – андердог. Соған қарамастан оны бүкіл қазақ елі жақсы көріп, қолдау жасап отыр. Спорттан хабары бар әр азамат асыға күтіп отыр деп ойлаймын. “Головкин Қазақстанды бүкіл әлемге танытқан спортшылар қатарынан” деп айтсам, қателеспеймін. Бұрын бізді шетелдерде көп біле бермейтін. Ол қазақ елі, жері, мемлекеті бар екенін танытты. Оның үлкен ареналарға шығуымен бүкіл әлемге танымал болдық. 

Генаның жанкүйеріміз әрі оны толық қолдаймыз. Нәтиже қандай болса да, құрметіміз азаймайды. Ұтса, әрине төбеміз көкке жеткендей болып қуанамыз, ұтылса да, еш мойымаймыз. Себебі Гена Қазақстан тарихында, әлемдік бокс тарихында есімін алтын әріптермен жазған боксшылардың бірі деп білемін».

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0