Киберспорт

Ақназар Бексейітов: Алғашқы мүмкіндіктен әлем чемпионатына жолдама алдық

Ақназар Бексейітов: Алғашқы мүмкіндіктен әлем чемпионатына жолдама алдық
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстан тарихта алғаш рет FIFAe Nations Series 2022 симуляторынан әлем чемпионатына финалдық кезеңіне жолдама алды.

Ақназар «aka_nolito» Бексейітов пен Олжас «ZhasikFIFA09» Есентаев ойнайтын ұлттық құрама екі іріктеу кезеңінен өтіп, 2022 жылғы әлем чемпионатына жолдама алған үздік үш команданың қатарына енді. Бұл жолда команда 2018 жылғы әлем чемпионы және FIFA бойынша екі дүркін жылдың үздік ойыншысы ойнайтын Сауд Арабиясын жеңді.

Қазақстан құрамасының ойыншысы Ақназар Бексейітов Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында іріктеу кезеңін қорытып, тарихи жетістіктен кейінгі әсерін бөлісті.

- Іріктеу Дубай мен Манама серверларында өтті. Қарсыластарымызбен тең дәрежеде бәсекелес болу үшін Дубайға ұшып келдік. Бір ай осында тұрдық. Дайындалып, қарсыластарымызды зерттеп, матчтарды талдадық. Соның нәтижесінде әлем чемпионатына жолдаманы жеңіп алдық.

Қарсыластарымыз Таяу Шығыс мен Африка елдері болды: Сауд Арабиясы, Кувейт, БАӘ, Марокко және Оңтүстік Африка. Алты команданың үшеуі әлем чемпионатына шықты. Топтың фавориті Сауд Арабиясы мен Кувейт еді. Өйткені Сауд Арабиясында 2018 жылғы әлемнің үздік ойыншысы, әлемнің вице-чемпионы өнер көрсетеді.

- Біздің құрама әлем чемпионатының іріктеуіне алғаш рет қатысып отыр ма?

- Иә, FIFA 22 симуляторынан бастап Қазақстан әлем чемпионатының іріктеуіне қатысатын командалар тізіміне енді. Биыл алғаш рет іріктеу сынға қатысып отырмыз. Олжас екеуіміз алғашқы мүмкіндігімізді пайдаланып, жолдаманы жеңіп алдық.

- FIFA-да қай командамен ойнадыңыздар?

- Біз әлдебір құрама не команданы таңдаған жоқпыз. Ultimate Team режимінде барлық құрамаға кез келген футболшыны таңдауға рұқсат берілді. Біздің құрамда Криштиану Роналду, Мбаппе, Гуллит, Виллингем, Пеле сияқты ойыншылар болды. FIFA-да Қазақстан құрамасы емес, тіпті, ұлттық құраманың эмблемасы жоқ. Біз ешкім білмейтін, таныс емес эмблемамен ойнадық.

- Қазақстанда өткен іріктеу нәтижесінде Олжас Есентаев қосалқы құрамға алынды. Ал екінші орын алған Абылайхан Абдықадыр әлем чемпионатының іріктеуіне неге қатыспады?

- Иә, іріктеуде мен бірінші алдым. Абылайхан екінші орынды алса, Олжас үштікті түйіндеп, қосалқы құрам ойыншысы болды. Бірақ үшеуіміз Дубайға аттанатын кезде Абылайхан соңғы сәтте барудан бас тартып, өзінің орнын Олжасқа берді.

- Іріктеуді өткізген Қазақстан киберспорт федерациясы не Қазақстан футбол федерациясы тарапынан қолдау болды ма?

- Киберспорт федерациясы ел ішіндегі іріктеу кезеңін өткізумен шектелді. Оларды жақсы түсінеміз. Футбол федерациясы тек ауызша қолдады. Біз несие алып, өз қаржымызға Дубайға аттанып кеттік. Дегенмен іріктеудің алғашқы іріктеуден өткен соң бізбен байланысқа шығып, қаржылай көмектесті. Несиемізді жауып, аз-маз қолдау берді.

- Әлем чемпионатына дайындықты қайда өткізесіздер?

- Жоспар бойынша Германияда дайындаламыз. Бірақ дәл қазіргі сәтте демеуші іздестіріп жатырмыз. Германияда дайындық өткізсек жақсы тәжірибе болар еді. Өйткені ол өңір мықты саналады. Мықтылармен ойнап дами түсетін едік.

- Жақын уақыттағы мақсатыңыз қандай?

- Әлем чемпионатына шығу мақсатын орындадық. Енді әлем біріншілігінде кем дегенде 8 құраманың ішіне ену. Ал болашақта құрамада орнымды сақтап, әлем чемпионатына қатысып, жоғары деңгейге шығу.

Финал Копенгагенде 27-30 шілде аралығында өтеді. Оған 24 команда қатысады. 2022 жылғы әлем чемпионатының жүлде қоры 400 мың долларды құрайды.

* Fifa Nations Series 2022-EA SPORTS 2v2 форматындағы FIFA 22 футбол тренажері бойынша халықаралық спорттық турнир. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен Футбол қауымдастықтарының құрама командалары қатысады. Fifa Nations Series FIFA – халықаралық футбол федерациясының ресми турнирі. 2019 жылдан бері жыл сайын өтіп келеді.

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер