«Мен бар болғаны жанкүйерлердің көптеген өтініштерін орындадым»
«Қайрат» АФК-ның құрметті президенті, футзал және жағажай футболы комитетінің төрағасы, ҚФФ Атқару комитетінің мүшесі Қайрат Оразбеков еліміздің футбол қауымдастығына ашық хат жариялады, онда ол сайлауы 28 ақпанда өтетін Қазақстан футбол федерациясының президенттігіне өзің ұсынуға не түрткі болғанын түсіндірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Мен, «Қайрат» АФК-ның құрметті президенті, футзал және жағажай футболы комитетінің төрағасы, ҚФФ Атқару комитетінің мүшесі Қайрат Оразбеков ашық хатпен жұртшылыққа үндеу жолдаймын.
Үндеудің мақсаты - өз мақсатымды түсіндіру, сонымен қатар тәуелсіз екенімді көрсету.
Табысты бизнесмен ретінде мен ақшаның және ең бастысы уақыттың қадірін көпшілікке қарағанда жақсы түсінемін. Бұл адам өміріндегі негізгі ресурстар, мен оларды саналы түрде сүйікті ісім – футболға жұмсадым.
Мен осы спорт түріне 30 жылға жуық қаржы құйып келемін.
Бірақ мен футболмен байланысты бір сәтке өкінбеймін, өйткені бұл менің таңдауым, мен бұл процесстен үлкен ләззат аламын.
«Қайрат» футзал клубының мықтылығын, Қазақ футзалының құдіретін бүкіл әлем біледі. Бұл менің командамның еңбегі. «Команда» дегенде мен ойыншылар мен жаттықтырушылар құрамын ғана емес, сонымен қатар клубтың әкімшілік құрамын, кеңсе қызметкерлерін, вице-президенттерін, жетекшілері мен демеушілерін айтамын.
Біз ұзақ жолдан өттік және клуб деңгейінде мүмкін болған жүлденің бәрін жеңдік. Ел ішінде жауларымыз, көреалмаушылықтар көп болғанымен, ұлттық құрамалар деңгейінде сәтті өнер көрсеттік.
Бізге ешқашан сырттан ешкім көмектескен емес, бірақ бұл үлкен плюс – біз ешкімге тәуелді емеспіз және ешкімге қарыз емеспіз. Біздің нәтижелер - үлкен жұмыстың жемісі. Біз көп жұмыс істеп қана қоймай, оны кәсіби, жоғары халықаралық деңгейде жасаймыз.
Мойындауым керек, маған және менің командама футзалдан жаңа нәрсені үйрену қиын. Біз Қазақстанға күн сайын пайда әкеліп жатырмыз. Тек имидж ғана емес, бұқаралық спортты дамытып, ұлт денсаулығын сақтауға да өз үлесімізді қосып жатырмыз. Ал қазақстандық спортта «Қайрат» АФК деңгейіндегі топ-менеджмент жоқ екенін анық білеміз. Сондай-ақ біздің елімізге бұдан да көп пайда әкелетініміз анық.
ҚФФ президенттігіне кандидатураға қатысу туралы шешімнің жеңіл қабылданбағанын жоғарыда айттым. Оның үстіне мені кандидатураға ұсыну бірінші рет емес, бірінші жыл да емес. Жанкүйерді алдай алмайсың, ол футболда кімнің кездейсоқ қонақ болғанын, ал кімнің жеке ақшасына нақты нәтиже әкелетінін көреді.
Мен өзімнің сайлауалды бағдарламамда футболды дамытудың негізгі тезистерін атап көрсеттім.
Мен ҚФФ президенті боламын ба, жоқ па, бәрібір. Мен жай ғана жанкүйерлердің көптеген өтініштерін орындадым және маған ешқандай жеке пайда әкелмейтін лауазымға өз кандидатурамды ұсындым. Жеңіске жеткен жағдайда мені, командамды көп жұмыс күтіп тұрғанын түсінемін. Және бұл үлкен сынақ, ауыр жүк.
Бірақ біз үшін бұл бірінші рет емес. Біз Қазақстанның туын бір емес, бірнеше рет көтеріп, міндетімізді әрқашан абыроймен орындадық. Біз Еуропаның үздік клубы болып, әлемдегі ең үздік клубтардың біріне айналдық. Футболдағы кез келген міндет өзімізге байланысты, өйткені бізде ең бастысы: жақсы ниет, үлкен тәжірибе, баға жетпес білім, халықаралық бедел және жылы жүрек. Қазақстандық футболды қазіргі төмен деңгейінен жоғары көтеруге бізде мүмкіндік бар. Қазақстан туы әрқашан ең биікте, жер шарының көшбасшыларының қатарында болуы керек.
Құрметпен,
Қайрат Оразбеков