«Футзал Ақтауда демалыстың жаңа түріне айналды». Ержан Жамбыров - «Каспий» МФК туралы
«Каспий» МФК директоры Ержан Жамбыров жаңадан құрылған клубтың алғашқы қадамдары туралы айтып берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
- Ержан Мақсатұлы, өткен сегіз матчтың қорытындысына қарасақ, «Каспий» МФК чемпионатта көш бастап келе жатқан «Қайраттан» екі ұпайға ғана қалып, екінші орында тұр. Ақтау клубының осы жолын қалай бағалар едіңіз?
– Қалай бағалауға болады? Өте жақсы, әрине. Шындығында, күнтізбе жасаларда жолымыз болғанын айта кеткен жөн. Біз бірінші турларда ойнамадық, кейін өз алаңымыздағы матчтардан бастап бірден ұпай жинадық.
- Тіпті «Қайрат» та жеңіліс тапты, бұл ретте «Каспий» әзірге бірде-бір рет жеңілмеді. Маусым басталар алдында мұндай жағдайды елестете алдыңыз ба?
– Шынымды айтсам, мұны күтпедім (күледі). «Каспий» МФК сапында бәрі жұдырықтай жұмылып ат салысқан соң нәтиже келе бастады. Иә, бар болғаны сегіз тур өтті, бірақ барлығы бар ынтасын салып, талмай еңбек етіп жатыр.

– Дінмұхамбет Салмұхамбетұлы мен оның ұжымының жұмысына көңіліңіз тола ма деген сауалдың маңызы жоқ сияқты?
- Өте дұрыс! Өзіңіз айтқандай, біз әлі жеңілген жоқпыз, ұпай саны бойынша екінші орындамыз – мұндай көрсеткіштерге қалай көңіліңіз толмас (жымиып)? Дінмұхамбет Салмұхамбетұлы жас болса да, өршіл маман, ол қорықпайды, керісінше, үнемі үйренуге ұмтылады. Бұл оның барлық көмекшісіне де қатысты. Сүлейменов пен оның ұжымындағы адамдардың бапкерлік болашағы зор екеніне күмәнім жоқ.

- Қыста жаңа ойыншылар келе ме?
- Жақсы сұрақ. Иә, жоспарлап жатырмыз, әзірге аты-жөндерін атамай-ақ қояйын – интриганы сақтайық (күледі).
- Осы демалыс күндері «Каспий» «Бәйтерекпен» екі рет ойнайды, кейін Қазақстан құрамасының Еуро-2022-ге дайындығы мен қатысуына байланысты барлық команда бір жарым ай бойы матч өткізбейді. Ақтаулықтар чемпионаттың екінші бөлігіне қалай және қайда дайындалады?
- Бізді Түркиядағы турнирге шақырды, бірақ біз Қазақстанда қалып, жолдастық кездесулер өткізуге мүмкіндік алу үшін Алматыға баратын шығармыз.
– Ұлттық құрама бапкерлері ойыншыларыңызға қызығушылық танытты ма? Құрлық біріншілігіне қаысатын ұлттық құрама сапында «Каспий» ойыншылары бар ма?
- Өзбекстан құрамасымен жолдастық кездесуге үш ойыншы шақырылды - Ақжол Қайратұлы, Нұрсұлтан Таңатұлы және Нұрабек Қабылбаев. Олар әлі ұлттық құрамада ойнамаса да, менің ойымша, олардың шақырылуы өздері үшін де, «Каспий» МФК үшін де үлкен пайда және алға жасалған үлкен қадам. Сондықтан осы үшеуінің біреуі Еуро-2022-ге барса, таңғалмаймын.

- «Қайраттың» УЕФА Чемпиондар лигасы элиталық кезеңіндегі ойындарын бақыладыңыз ба?
- Әрине! Біз әр матчты көріп, жанкүйер болдық, уайымдадық.
– Маусым басталар алдында «Каспий» Чемпиондар лигасына қатысу үшін ішкі біріншілікте кем дегенде екінші орын алу міндетін қойды. Мақсаттарыңыз бұрынғыдай ма?
– Иә, біздің алға қойған мақсаттарымыз бір, маусым басталар алдындағыдай – орын екіншіден төмен болмауы керек.

– Футболдағы «Каспийдің» сіздерге деген қызғаныш көзқарасы жоқ па?
- Жоқ, мүлдем жоқ. Керісінше, олар мүмкіндігінше көмектесуге тырысады. Әзірге өз көлігіміз болмағандықтан, олар бізді жеке автобуспен қамтамасыз етеді. Өйткені, біз бір брендті, бір қаланы, бір облысты таныстырамыз, сондықтан ешқандай қызғаныш туралы сөз болмауы керек.

– Футзалдағы «Каспий» футболдағы «Каспий» сияқты қаланың немесе облыстың балансында емес, солай емес пе?
- Өте дұрыс. Қазір тек демеушілік қаражат есебінен өмір сүріп жатырмыз, бюджеттен бір теңге де алған жоқпыз. «Ақтау BS Строй» құрылыс компаниясының басшысы Сұңғат Мұңалбаевқа үлкен алғысымды білдіргім келеді – ол кісі жан-жақты көмектеседі, барлық мәселемізге терең үңіледі, әрқашан бізбен бірге. Оның командаға қосқан үлесін ешбір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Футболда жүргеніме қанша жыл болды, бірақ мұндайды көрген емеспін.
Copa.kz компаниясы да бізге үлкен қолдау көрсетіп, керек-жарақпен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді.
Бірақ біз өз ойынымызбен құзырлы орындардың назарын аударып үлгердік, келесі жылдан бастап бізге тұрақты бюджеттік қаржыландыру, әкімдіктің назары мен қолдауы уәде етілген. Бұл біздің мәселелерімізді шешу үшін өте маңызды, әйтпесе оларды орындау қиынға соғады.
Фото: «Каспий» МФК