«Қазақстан - Бразилия финалы - менің асыл арманым»
Футзалдан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Дуглас Джуниор ФИФА ресми сайтына сұхбат берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Таиландты (7:0) жеңгеніне қатысты:
«Біз қуаныштымыз! Плей-оффтың әр ойыны өте қиын. Біз Жапония Бразилияға қалай күш көрсеткенін көрдік, Ресей Вьетнамға қарсы өте қиын ойын өткізді.
Бұған дейін біз Таиландпен екі рет кездесіп, екі рет жеңдік, бірақ әлем чемпионаты басқаша. Біздің мақсатымыз тек жеңу, неге қабілетті екенімізді көрсету еді, сондықтан 7-0 есебімен жеңу біз үшін таңғаларлық болды. Колумбияда өткен кейінгі әлем чемпионатында біз 1/8 финалда тоқтадық. Литвадағы турнирге дейін біздің басты мақсатымыз бұл нәтижеден асып түсу еді, біз бұл мақсатқа жеттік. Енді жаңа мақсат қоямыз».
Иранға қарсы алдағы ойын туралы:
«Иран әлемдегі үздік ұлттық командалардың бірі екенін әлдеқашан дәлелдеген. Бұл нағыз тамаша ойыншылардан жасақталған мықты команда. Оның үстіне, олар көптен бері бірге өнер көрсетеді. Біз олармен бірнеше рет ойнадық және өкінішке қарай, әлі жеңе алмадық. Біз қазір оларды жеңу өте қиын болатынын білеміз».
Қазақстанның әлем чемпионатын жеңу мүмкіндігі туралы:
«Бұл арман. Біз қазірдің өзінде тамаша нәтижелерге қол жеткізіп, ЕУРО жартылай финалына жеттік. Біз қолымыздан не келетінін білеміз. Бұл футзал тарихында ешкім күтпеген жайттардың бірі болар еді, бірақ бұл біз үшін тосынсый болмады. Біз мұны қазақ халқы үшін жасағымыз келеді, өйткені біздің жанкүйерлер керемет».

Қазақстандықтардың футзалға деген махаббаты:
«Қазақстанда футзал соншалықты өсті, оған сену қиын. «Қайрат» Чемпиондар Лигасында өз алаңында ойнағанда, біздің арена үнемі лық толады - 13 000, 15 000 жанкүйер. Қазақстан халқы футболдан гөрі футзалды жақсы көретін шығар. Бізге Литвадағы әлем чемпионатында үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Біз олардың қалай қолдайтынын естиміз және бұл шынымен ынталандырады. Олар шығаратын шу - бұл ерекше нәрсе!».

Қазақстан мен Бразилия кездессе, туған қаласының тұрғындары кімге жанкүйер болатыны туралы:
«Мен мұны сенімді түрде айтамын: Гуамаре қаласы Қазақстанды қолдайды. Бұған еш күмәнім жоқ (күліп). Бәрі маған: «Біз Қазақстан-Бразилия финалын күтеміз, бұлай болса, Гуамаре бір күнге Қазақстанға айналады!» деп жазады.
Бразилиямен кездесуге қатысты ойы:
«Бұл менің асыл арманым. Әлем чемпионатының финалында Бразилияға қарсы ойнау... бұл менің мансабымдағы ең үлкен сәт болар еді. Бұл барлық қазақстандықтың арманы. Бразилия бұл спортта нені білдіретінін бәрі біледі. Әрине, мен толықтай ширек финалға дайындаламын, бірақ мен Қазақстан-Бразилия финалын армандайтынымды жасырмаймын».
Фото: ФИФА, «Қайрат» АФК