Ержан Жамбыров: «Каспий» футзал клубы Чемпиондар лигасы жолдамасына таласады
Prosports.kz хабарлағандай, жаңа маусымнан бастап «Каспий» футзалы Қазақстан чемпионатында аттас футбол клубқа тәуелсіз жеке ұйым ретінде ойнайды.
Неліктен футзал командасы «үлкен» «Каспийден» бөлініп шыққанын, басшылықтың алдына қандай мақсаттар қойылғанын және Маңғыстау футзалын жаңа биіктерге кім көтеретінін клуб директоры Ержан Жамбыров айтып берді.
- «Каспий» футзал клубы жобасы туралы қысқаша айтып берсеңіз.
- Клуб осы жылдың сәуір айының соңында жұмыс істей бастады, бірақ, тек 2 тамызда ғана біз бірінші рет жиналып, оқу-жаттығу жиындарын өткізе бастадық. Толық атауы - «Каспий» Маңғыстау футзал клубы. Жобаның өзі тек Ақтау қаласында ғана емес, жалпы облыста, облыстың барлық аудандарында футзалды дамытуды көздейді.
- Неліктен «үлкен» «Каспийден» бөлініп, тәуелсіз ұйым ретінде әрекет етуді шештіңіз?
- Иә, шынында да, 2018 жылдан бастап футзал командасы <span>«Каспий»</span> футбол клубының құрылымында болды. Осы уақыт ішінде бірнеше Қазақстан чемпионатына қатысты. Нәтиже болмады. Қалай болғанда да, футбол мен футзал - бұл әр түрлі спорт түрлері. Футзалға аса қатты мән берілді деп айта алмаймын.
Сондықтан, біз бір-бірімізге кедергі жасамау үшін, бір қаржыға таласпас үшін екіге бөлінгенді жөн көрдік.
Маңғыстау облысында футзал әр түрлі спорт түрлерінің арасында ерекше орын алады. Жыл сайын әуесқойлар арасындағы қаланың ашық чемпионатына 120 команда қатысады. Футзалшылар республиканың әр аймағынан, тіпті жақын және алыс шетелден легионерлер де келеді.
1996 жылдан бері бізде кәсіби команда болған жоқ. Ал ұлттық құрамадағы жергілікті түлектер саны да азайып барады.
Сондықтан біз жұмыс істейтін және жеміс беретін жүйе құрғымыз келеді. Мықты іргетас қалап, облыстың әр аймағынан келген балалармен жұмыс істеп, жергілікті жаттықтырушыларды дайындаймыз. Футзалға облыстың барлық аймақтарынан 450-500 баланы тартуды жоспарлап отырмыз.
Айта кету керек, біз көзбояушылық жасап, есеп үшін емес, адал және кәсіби түрде жұмыс істейміз. Таланттар көп. Бірақ олардың одан әрі өсуіне мүмкіндік аз. Біз оларды іздеп тауып, болашағын ашуымыз керек.
- Турнирлік мақсат қандай?
- Менің ойымша, бұл әлеуметтік жоба. Біздің мақсат - болашақ ұрпағымызды зиянды нәрселерден қорғау және дұрыс жолға бағыттау. Бірақ біз нәтижені де ұмытпаймыз, әйтпесе кәсіби клуб болудың не қажеті бар?
- Маусымға мақсат қойдыңыз ба?
- Әрине! Біз бірден Чемпиондар Лигасына жолдама үшін, яғни Қазақстан чемпионатында кемі екінші орын үшін таласамыз. Алматылықтарға да қарсылық танытқымыз келеді. Әрине, олардың деңгейі өте жоғары екенін түсінеміз.
Үлкен мақсаттар қоятын жөніміз бар. Димаш Сүлейменовті бас жаттықтырушы қызметіне, ал Серік Жаманқұловты футзалды дамыту менеджері қызметіне шақырдық.
- Клубтың даму бағыты қандай? Легионерлер шақырасыз ба, әлде түбегейлі жергілікті футзалшыларға үміт артасыз ба?
- Әрине, біз қазақстандық футзалдың тірі аңыздарының (Сүлейменов пен Жаманқұловты айтамын) бақылауында нағыз шеберлерге айналатын жергілікті ойыншыларды командаға қосуды көздейміз.
Бірақ легионер шақырмасқа да болмайды. Бірақ, шетелден ойыншы көп шақырамыз деп айта алмаймын.
- Клубтың бюджеті қанша?
- Бір ғана ақпарат айтайын: УЕФА Чемпиондар Лигасындағы жолын бастайтын <span>«Атыраудан» бюджетіміз әлдеқайда аз</span>.
- Инфрақұрылым туралы не деуге болады? Команда Чемпиондар Лигасына жолдама үшін таласқысы келеді. Алдымен, Қазақстан чемпионаты матчтарын өткізетін орын бар ма?
- Бұл мәселеде ешқандай проблема болмайды. Ақтауда бүкіл республикада бірегей - олимпиадалық спорт түрлеріне арналған «Halyk Arena» деп аталатын жаңа спорт кешені салынды. Рас, ол әлі пайдалануға берілмеген, бірақ нысан қазірдің өзінде дайын және жақында іске қосылады. Оның үстіне мен сізге бір құпия айтайын: қазір ақтаулық кәсіпкер ойын алаңдары мен жаттығу базасы бар арена салдыруды бастайды. Ол кешен «Каспий» футзал клубына арналған.
- Яғни, клуб Чемпиондар лигасына жолдама алса, еуропалық деңгейдегі қарсыластарын Ақтауда қабылдай алады ғой? Мысалы «Аят» пен «Ақтөбе» еурокубоктағы ойындарын Алматы мен Нұр-Сұлтанда өткізді.
- Жоқ, әйтпесе Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысының атынан шығып, басқа облыста ойнайтын болсақ, жанкүйерлер бізді түсінбейді.