Бокс

ТМД елдері ойындары: боксшылар 4 салмақта топ жарды

ТМД елдері ойындары: боксшылар 4 салмақта топ жарды
news-banner7
mobile-news-top

Бүгін ТМД елдері арасындағы спорт ойындарында боксшылар бәсекесі мәресіне жетті. Кеше жартылай финал қорытындысы бойынша ақтық сынға шыққан 6 былғары қолғап шеберіміздің төртеуі өз салмағында қарсылас шақ келтірген жоқ. Жалпы бұл жарыста 26 салмақта (13-і ұлдар, 13-і қыздар арасында) жүлде жиынтығы сарапқа салында десек, боксшыларымыз соның 21-інде медаль олжалады (4 алтын, 2 күміс пен 15 қола).

48 келіде Анита Адишева өзбекстандық Робияхон Бахтиёрованы, 54 келіде Виктория Байдукова ресейлік Эвита Аверьянованы сенімді ұтты. Сонымен қатар 60 келідегі Ұлжан Сәрсенбек те өзбекстандық Мухлиса Тохировадан басым түссе, ұлдар арасында финалға жолдама алған жалғыз боксшымыз Мырзахан Мәуленов (66 кг) Беларусь спортшысы Владислав Кузнецовтан мықты екенін көрсетті.

Ал Бақыт Сейдіш (70 кг) пен Томирис Мырзақұл (52 кг) финалда қарсыласына жол берді. Алғашқысы өзбекстандық Ойша Тоировадан, екіншісі ресейлік Анастасия Коольден ұтылды.

Қола жүлдеге ие болған боксшылар: Жандарбек Ізбасаров (44-46 кг), Ислам Машкентаев (48 кг), Сұңғат Расулов (50 кг), Нұрислам Қалдыбаев (52 кг), Мадияр Отар (54 кг), Ерасыл Мұстафинов (57 кг), Ерсұлтан Төлеген (60 кг), Әділ Қасымов (63 кг), Әлинұр Өмірбеков (70 кг), Батырхан Сейтенов (75 кг), Нұрасыл Бауыржан (80 кг), Дельфина Әбілхан (44-46 кг), Карина Тоқубай (50 кг), Аружан Жаңабаева (66 кг), Назереке Рысбай (80 кг).

Қазақстан бокс бәсекесінде 15 алтыны бар Ресей мен 7 алтыны бар Өзбекстаннан кейінгі үшінші орынға жайғасты. Айта кетейік, сайысқа 2005-2006 жылы туған, яғни 15-16 жастағы жас былғары қолғап шеберлері қатысты.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер