Басқа

Қазақ боксы үшін сәтсіз күн. Токиодағы бесінші жарыс күнінің қорытындысы

Қазақ боксы үшін сәтсіз күн. Токиодағы бесінші жарыс күнінің қорытындысы
news-banner7
mobile-news-top

Токиода Олимпиаданың кезекті жарыс күні аяқталды. Қазақстан қоржынына бұл күні жүлде түскен жоқ, деп жазады Prosports.kz.

27 шілде күні жерлестеріміз спорттың жеті түрінен сынға түсті. Таеквондодан жарыс жолына шыққан Жансель Дениз алғашқы айналымда өзбек спортшысы Светлана Осипованы жеңген еді. Келесі кезеңде британиялық Бианка Уолкденге есе жіберді. Осы спорт түрінен ерлер арасында бақ сынаған 80 келідегі Руслан Жапаров та жарысты сәтті бастады. Неміс азаматы Александер Бачманды ұтты. Бірақ ширек финалда Корея спортшысы Ко Дон Индің мықтылығын мойындауға мәжбүр болды. Қос спортшымыз да жарысты аяқтады.

Ерлер арасында садақ атудан сынға түскен Денис Ганькин 1/16 финалда итальяндық Мауро Неспелиден ұтылды.

Жарыстың екінші күнінде дзюдодан қола медаль еншілеген Елдос Сметовтың жеңісті жолын Дидар Хамза жалғастыра алмады. 81 келіде белдесетін спортшымыз 1/16 финалда монғол Саид Моллайдан иппон әдісімен ұтылды.

Ерлер арасында жалғыз қалған қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин де Олимпиадамен қоштасты. Ол Беларусь спортшысы Илья Ивашкинмен кездесіп, 7:6, 3:6, 3:6 есебімен жеңілді.

Қыздар арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина хорват Донна Векичті екі сетте (7:6, 6:4) жеңді. Бұрымды теннисшіміз ширек финалда испаниялық Гарбине Мугурусамен кортта кездеседі.

Су добынан Қазақстан құрамасы турнирдегі екінші матчын да ұпайсыз аяқтады. Бірінші турда Хорватиядан 7:23 есебімен ойсырай ұтылған ел құрамасы, екінші турда Испанияға (5:19) есе жіберді.

Күнде қоржынға «қола» түсіп, алтын мен күміс медальді бокстан күтіп жүргенімізде, бүгін екі қазақстандық боксшы бірдей жарыс жолынан шығып қалды. Төрт Олимпиада қатарынан 69 келі «қазақ салмағы» деген атаққа ие болған еді. Өкінішке қарай, осы салмақта жұдырықтасқан Абылайхан Жүсіпов 1/8 финалда АҚШ өкілі Деланте Джонсоннан айла асыра алмады. Үш раунд қорытындысы бойынша 1:4 есебімен ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды.

Араға бір жарым сағат уақыт салып 91 келіге дейін салмақтағы боксшымыз Василий Левит шаршы алаңға шықты. Бразилия жеріндегі Олимпиадада күміс жүлде алған 33 жастағы тәжірбиелі спортшы испаниялық Энмануэль Рейес Пламен қолғап түйістірді. Бірінші раунд тең дәрежеде өтіп, қапталдағы төрешілер жеңісті қарсыласқа берді. Бар шеберлігін келесі раундтарда паш етеді деп үміттеніп отырғанымызда, Василий екінші раунд басында нокаутқа түсті. Осылайша, жүлде күткен екі боксшымыз Токиода сәтсіз өнер көрсетті. Енді ерлер арасында Олимпиадада алты қазақстандық боксшы қалды.

2016 жылы Риода топ жарып, сенсация жасаған қазақстандық жүзгіш Дмитрий Баландин Токиодан да жүлделі оралсам дейді. 26 жастағы спортшы брасс әдісімен жүзуде жартылай финалға жолдама алды. Бес жыл бұрын дәл осы сында Баландин алтыннан алқа таққан еді.

Токио төрінен хабар таратып жүрген Prosports.kz тілшісі Айбар Рысдәулеттің материалдарын оқи отырыңыздар:

Олимпиада чемпионы атанған ең жас спортшы кім

Зүлфия Чиншанло: Олимпиада қоласы - мен үшін үлкен нәтиже

Сәкен Бибосынов: Қазақ елін жеңіспен қуантқым келді

Спорт үшін елінен қашқан босқындар құрамасы

Елдос Сметов: Бағым мен бабым келіссе, Париж Олимпиадасына баруға дайынмын

Фото. Владислав Семенов

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер