Қырғызстан Қазақстанның жеңісінен кейін Көшпенділер ойындарының медальдық есебін жойды
Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытынды медальдық есебіне қатысты Қазақстанмен туындаған түсініспеушілікке байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, Көшпенділер ойындарының тұжырымдамасына сәйкес елдер арасында ресми медальдық және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейді.
Жарыстың негізгі мақсаты — этноспорт пен дәстүрлі спорт түрлерін сақтау, дамыту және кеңінен насихаттау, сондай-ақ халықтар арасындағы мәдени байланыс пен достықты нығайту. Ведомство ойындардың идеологиясы мемлекеттердің жалпыкомандалық есептегі орын үшін бәсекесіне емес, ортақ тарихи-мәдени мұраны біріктіруге негізделгенін атап өтті.
Осыған байланысты Көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша елдер арасында медальдық есеп жасалмайтыны айтылды.
Бұған дейін Қазақстан құрамасының қорытынды медальдық есебіндегі жүлделер саны азайтылғаны хабарланған еді. Ұйымдастырушылар ұлттық құрамаға тиесілі 32 алтын медальдың орнына қателесіп 29 алтын жүлде көрсеткен.
Айта кетейік, келесі Көшпенділер ойындары 2028 жылы Ресейде өтеді.