Дзюдо

Елдос Сметов: Бағым мен бабым келіссе, Париж Олимпиадасына баруға дайынмын

Елдос Сметов: Бағым мен бабым келіссе, Париж Олимпиадасына баруға дайынмын
news-banner7
mobile-news-top

Токио Олимпиадасында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлдені дзюдошы Елдос Сметов салды. 60 келі салмақта ол қола медаль иегері атанды. Жарыстан соң Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері Prosports.kz тілшісіне сұхбат берді.

- Өте қуаныштымын. Дегенмен бұл Олимпиадаға алтын үшін келген едім. Қолымнан келгеннің бәрін істедім. Бірақ бұйырғаны қола болды. Бұған да қуаныштымын. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Барымды салдым. Әттеген-ай дейтінім жоқ. Осы күнге дейін не үйрендім, қандай тәжірибе жинадым - бүгін бәрін салдым.

- Жартылай финалда Такатоға қарсы белдестің. Жеңу үшін не жетпеді?

- Не жетпегенін білмеймін. Жеңу үшін барымды салдым, шыны керек. Өздеріңіз көргендей, бір-бірімізге көп шабуыл жасадық. Сол шабуыл жасаған соң құладым. Бірақ оған өкінбеймін.

Екеуіміз бір-бірімізді білеміз. Ол бұл жекпе-жекке финал деп шықты. Оның әр жекпе-жегіне қандай күймен шыққанын бақылап отырдым. Екеуіміз де барымызды салым күрестік. Ол өз елінде, өз жерінде күресті ғой не дегенмен.

- Олимиаданың бір жылға шегерілгені қалай әсер етті?

- Пандемия кері әсерін тигізбесе, жақсылығын тигізген жоқ. Біраз жаттығуымызды үзілді. 2020 жылдың басында нағыз бабыма келіп, өзімді жақсы сезініп жүрдім. Пандемия басталған соң 8-9 ай жаттығудан қол үзіп қалдық. Жаттығу жасамасақ салмақ қосылады. Өз қиындығы болды. Бірақ бәрін жеңіп шықтық. Бұл күн де туды. Бұл күн біз үшін тарих болып қалады.

- Олимпиада алдында әлем чемпионатына бармағаның жақсы әсер етті ме?

- Әлем чемпионатына бармауымыздың басты себебі - осы Олимпиада ойындары. Бұл бапкерлердің шешімі. Артымыздан еріп келе жатқан інілерімізге әлем чемпионатында бақ сынауға мүмкіндік берілді. Бапкерлер бар күшімізді Олимпиадаға сақтап қалды.

- Басты сұрақ, Париж Олимпиадасына барасың ба?

- Ауыр сұрақ. 2024, білмеймін енді... 2016 жылы Риодан кейін Токио Олимпиадасында алтын аламын деп алдыма мақсат қойдым. Бірақ бұл Олимпиададан кейін келесісіне бара аламын ба, бармаймын ба білмеймін. Біраз уақыт демалған соң ойланып көремін. Көзге көрінбегенімен, жарақаттарым бар. Оны менің ғана жаным сезеді. Соның бәрін емдеген соң қалпыма келіп, өзімді жақсы сезінсем - неге еліміз үшін, жеріміз үшін күреспеске.

- Алда күресетін балуандар туралы не айтасың?

- Төрт спортшымыз ел намысын, абыройын қорғайды. Олардың да бақтары жанады деген сенімдемін. Маған бұйырмаған алтын соларға бұйырсын. Әнұранымызды ойнатсын. Арманым - алтын алу. Маған бұйырмаса да, қасымдағы бауырларым алсын деп тілеймін.

Токиодан Prosports.kz тілшісі Айбар Рысдәулет

Фото: olympic.kz, Жеңіс Ысқабай

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер