Винокуров Олимпиада күніне арналған велошеруді бастады
Халықаралық Олимпиада күнін Қазақстанда атап өту эстафетасын Солтүстік Қазақстан өз мойнына алды. Петропавлда жаппай велошеру өтті. Велошеруді Олимпиада чемпионы Александр Винокуров бастады.
Бұл мереке жыл сайын 23 маусымда атап өтіледі. Аталған мереке Қазақстанда 28-ші рет атап тойланбақ.
Осыған орай, Ұлттық Олимпиадалық комитеті бүкіл маусымды олимпиадалық құндылықтарға арнайды. Барлық іс-шаралар халықаралық олимпиадалық қозғалыстың «Бәріміз бірге: жылдам, биікке, мықты» жаңа ұранымен өтеді. Винокуров атындағы спорт сарайынан жүзден астам велошабандоз велошеруге шықты.
Ересектер мен балалар қала көшелерімен 10 шақырымдай жүріп өтті. Қатысушыларға Олимпиада күніне қатысқаны үшін Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах пен елдің Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев қол қойған сертификаттар табысталды.
Олимпиада күні аясында мерекені атап өту 20 маусымда Алматыда спорттық құзға өрмелеу бойынша сайыспен жалғасады. 21 маусымда Ақтауда бокс және дзюдодан шеберлік сыныптары өткізілсе, 23 маусымда елордада баскетбол ойындары, стрит воркаут, каноэде есуден және текболдан сайыстар ұйымдастырылатын спорттық шара өтеді.