«Қайрат» футзал клубы маусымды қорытындылады
«Қайрат» АФК-ның базасында маусымды қорытындылау жиналысы өтті, деп хабарлайды Prosports.kz алматылық клубтың инстграмдағы парақшасына сілтеме жасап.
Жиналысқа команда бапкерлері, ойыншылар және клуб басшылығы қатысты. Жиын барысында бас бапкер Кака өткен маусымды қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Клуб басшысы Қайрат Оразбеков ойыншылар мен бапкерлерге өткен маусым үшін алғысын айтты.
«Бәрінен бұрын, біздің футболшыларымыз бен бапкерлер құрамына алғысымыз шексіз. Биылғы маусымда біздің команда 18-ші рет қатарынан УЕФА Чемпиондар Лигасына қатысып, 11-ші рет төрттік финалға шығып, екі бірдей рекорд орнаттып отыр. Футзалдан УЕФА Чемпиондар Лигасы тарихында бұрын-соңды ешқандай клуб мұндай жетістікке жеткен емес.
Бұл биікке әрбір ойыншының маңдай терінің арқасында қол жеткіздік. Олардың есімі клуб тарихында алтын әріппен жазылып қалары сөзсіз. Сонымен қатар, осындай айтулы жеңіске өз үлесін қосып жүрген клуб әкімшілігін де құттықтаймын», – деді Қайрат Айтмолдаұлы.
Жиын соңында командамыздан кетіп жатқан ойыншылылармен қоштасу салтанаты өтті.
Жоспар бойынша команда тамыз айына дейін демалыс алады.