«Футзал - ұмытылмас эмоция сыйлайтын спорт»
«Қайрат» клубы мен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Кака УЕФА баспасөз қызметінің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
- УЕФА Чемпиондар лигасына қатысу сіз және сіздің командаңыз үшін нені білдіреді? -
Чемпиондар лигасына қатысу - барлыш футзалшының мансабының шыңы. Кез-келген ойыншы мен бапкер өзінің клубтар арасындағы әлемнің ең үздік турниріне қатысып жатқанын түсінеді. Бұл мақтаныш сезімін тудыратын жетістік. Ерекше сезім.
- Іріктеу кезеңінің қай сәті есте қалды?
- Ең қиын кезеңді айта аламын - бұл бірінші матч. Бірінші ойын және қателікке жол жоқ. Ұтылсаң - бір маусымға Чемпиондар лигасымен қоштасасың. Қатты қобалжыдық.
- «Қайрат» «сегіздік финалға» шыққан кезде қандай эмоция сезіндіңіз?
- Арқамыздан ауыр жүк түскендей болды. Біз «сегіздік финалға» кірдік, яғни футзал мерекесіне қатысып жатырмыз, кубок үшін таласамыз. Бірақ ұзақ қуануға уақыт болмады, турнирдің жаңа форматына дайындалып, қарсыластарды зерттеу керек болды.
- Еуропада футзалдың соңғы жылдардағы дамуына қаншалықты көңіліңіз толады? Бұл спорт түрінің болашағы қандай?
- Футзал олимпиада бағдарламасына енеді деп сенемін. Бұл жас спорт түрі қарқынды дамып келеді. Өкінішке орай, коронавирус пандемиясы кесірін тигізді. Кейбір ұлттық федерациялар футзалға деген назарын азайтты, Англияда бұл департамент мүлдем жабылды, ұлттық құрама таратылды. Бұлар жүрекке ауыр тиеді. Бірақ УЕФА өз жұмысын әрі қарай да дамытып, футзалды толық қолдайды деп үміттенемін.