«Ақтөбе» капитаны Чемпиондар лигасы жайлы: Сәттілік жолдас болмады
«Ақтөбе» капитаны Қайрат Иманалин Prosports.kz сайтына берген сұхбатында Чемпиондар лигасының 1/8 финалы аясындағы «Добовцқа» (1:2) қарсы өткен матч туралы айтып берді.
– «Добовцке» қарсы матчтан соң қандай әсер болды?
– Бар эмоциямыз сол алаңда қалды. Жеңіске жету үшін бар күшімізді бердік. Бірақ Еуропадағы тәжірибеміз жетпеді деп ойлаймын. Мүмкін айымыз оңынан тумады. Өйткені ойын жақсы болды, гол соғатын мүмкіндігіміз жеткілікті болды.
– «Добовец» те, «Қайраттың» қарсыласы да «Ақтөбеге» қарсы ойнағысы келген. Өйткені сіздер ең әлсізі болдыңыздар. Чемпиондар лигасының 1/8 финалы бұл команданың жетер шегі ме?
– Бұл олардың пікірі. Бүгін олардың жолы болды. Үш минутта жеңісті уысымыздан жіберіп алдық.
– Бірінші таймда көп ереже бұзу, эмоция болды. Себебі неде деп ойлайсыз?
– Өздеріңіз білесіздер, бұл Чемпиондар лигасы. Оның үстіне бір ғана матч. Мұнда ешкім аямайды. Жеңілгісі келген адам болмады.

– «Ақтөбе» қақпашысы Салауат Байралиев бірінші таймда әдемі сейвтер жасады. Егер ол болмаса матч тағдыры ойынның алғашқы бөлігінде-ақ шешілер ме еді?
– «Қақпашы – команданың жартысы» деген сөз бар. Салауат кезекті мәрте бұл сөзді дәлелдеді. Өз басым ол матчты жоғары деңгейде өткізді деп ойлаймын.
– Тек қазақстандық ойыншылардан құралған «төртік» ойынның басым бөлігін қорғаныста өткізді. Бұл бапкердің нұсқауы ма, біздің ойыншылар өз деңгейін көрсете алмады ма?
– Біз бұл «төрттікпен» Қазақстан чемпионатында ойнаймыз. Бапкердің бір ерекше нұсқауы болған жоқ. Жоғары деңгейдегі тәжірибеміз жетпеді. Чемпиондар лигасына жолдаманы жеңіп алып, келесі жолы бұдан жақсырақ нәтижеге жетеміз деп сенемін.