«Жұмағұловтың UFC-дегі жорығы». Соңғы мүмкіндік пе?

«Жұмағұловтың UFC-дегі жорығы». Соңғы мүмкіндік пе?

24 қаңтар күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша таңертең Абу-Даби қаласында аралас жекпе-жектен айтулы жарыс кеші өтеді. Басты шайқаста Конор Макгрегор мен Дастин Порье жұдырықтасады. Оның алдында қазақстандық Жалғас Жұмағұлов швед шебері, шыққан тегі ирактық Әмір Әлбазимен кездеседі. Танымал комментаторлар мен спорт сарапшыларының жүрегін өз өнерімен қоса, қазақстандық шоколад арқылы жаулап жүрген Жалғас UFC-де екінші рет бақ сынайды, деп жазады Prosports.kz.

Үш күн бұрын тағы бір жерлесіміз Сергей Морозов жекпе-жек әлеміндегі ең үздік ұйымда өнер көрсеткен еді. Өкінішке қарай, Сергей Хабибтің інісі Умар Нурмагомедовтен ұтылып қалды. Қазақстандықтың UFC-дегі бірінші жекпе-жегі сәтсіз аяқталды.

Қазақстандық Сергей Морозов пен ресейлік Умар Нурмагомедов шайқасының соңғы секундттары

Жалғас промоушендегі екінші шайқасын өткізгелі отыр. Өткен жылдың шілде айында бразилиялық Раулиан Пайвамен кездесіп, UFC-де дебют жасады. Төрешілер шешімі бойынша есе жіберді. Алайда, жекпе-жектен кейін басым көпшілік ұйымды сынға алды. Қазақ сарбазының ашық жеңісін мойындамады деп ашынды. Үш раундтың екеуінде Жалғас басым болған еді. Соққылар санынан да қазақстандық спортшы алда тұрды. Төрешілер түсініксіз шешім қабылдады. Спорт әлемінде әділетсіздік болатынына тағы да көзіміз жетті. Бірақ ол жекпе-жектің нәтижесі - тарих. Мықты екенін ертең дәлелдеуі тиіс. 

Жалғас Жұмағұлов

Швед Әмір Әлбази де UFC қанатының астында екінші рет октогонға шығады. 27 жастағы файтер өткен жылы Мальком Гордонды жеңген. Бірінші раундта қылқындыру әдісін сәтті қолданды. Жалпы, Әмірдің партердегі өнері таңдай қақтырады. Мансабында 13 рет жеңіс тойын тойласа, соның 8-інде дәл осы әдіспен қарсыластарын сан соқтырған. 

Әмір Әлбази - Малкольм Гордон жекпе-жегі

Жұмағұловтың күрестен базалық дайындығы осал екенін ескерсек, қазақ жауынгері үшін тұрып шайқасқан тиімді. Мойындау керек, қарсыласты нокаутқа жіберетіндей Жалғаста жойқын соққы жоқ. Бір жағынан жекпе-жекті соңына дейін созып, төрешілер шешіміне үміт арту да қауіпті. UFC-дің жоспары бойынша Әлбази жеңіске жетуі керек болса, үш раунд бойы қанша басым болсаң да, бас қазы қолыңды көтермейді. Жеңіліп қалса UFC үшінші мүмкіндік бермеуі де ғажап емес. 

Абу-Дабидегі кештің басты оқиғасы - Конор Макгрегор мен Дастин Порье төбелесі. Аты шулы ирландиялық пен Дастин 2014 жылы жекпе-жек өткізіп, Конор бірінші раундта қарсыласын нокаутқа түсірді. Одан бері жеті жыл өтті, америкалық файтер шеберлігін шыңдап, UFC-да әбден ысылып, Макгрегордан кек алуға ниетті. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или