Де ла Хойя GGG – «Канело» жекпе-жегін өткізудің басты шартын атады

Мексикалық кәсіпқой боксшы Сауль «Канело» Альварес Геннадий Головкинге қарсы үшінші жекпе-жегін көрермендердің көзінше ғана өткізеді, деп жазады Prosports.kz.
Бұл туралы боксшының промоутері, Golden Boy Promotions компаниясының басшысы Оскар Де Ла Хойя мәлімдеді.
«Геннадий Головкинмен үшінші жекпе-жек үшін бізге көрермен керек, жанкүйерлер керек», - дейді атақты промоутер.
Оның айтуынша, Лас-Вегаста бокс кешін өткізу мәселесі нақты шешілмейінше, «Канелоға» жекпе-жек ұйымдастырылмайды. Сондай-ақ Головкин мен Альварес кездесуін жанкүйерлердің тамашалауы өте маңызды екенін атап өтті.
Бұған дейін Головкиннің IBF нұсқасы бойынша міндетті қарсыласы Камил Шеремета GGG-мен жекпе-жегін жанкүйерсіз өткізуге дайын екенін айтқан болатын.
Айта кетейік, «Канело» мен GGG арасындағы алғашқы жекпе-жек 2017 жылдың қыркүйегінде Лас-Вегаста өтті. Ол кезде тең нәтиже тіркелді. Қос қарсылас араға тура бір жыл салып қайта кездескен. Ол жолы мексикалық төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.