Ел спортының дамуына елеулі үлес қосқан Қайрат Тұрлыханов

Ел спортының дамуына елеулі үлес қосқан Қайрат Тұрлыханов

Күні кеше Қазақстан ауыр атлетикасы федерациясының құрметті президенті Қайрат Тұрлыхановтың дүниеден озғаны туралы суық хабар келді. Журналист Мадияр Қазыбектің «Таскескен тарланбоздары» атты кітабынан ел спортының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтың өмір жолы туралы үзіндіні ұсынып отырмыз.

«Қайрат Болатұлы – дзюдодан спорт шеберілігіне үміткер. Қазір ҚР Ауыр атлетика федерациясының құрметті президенті. Оның арқасында отандық зілтеміршілер әлемдік ауыр атлетика элитасына кіреді. Қайрат Болатұлы мен Ғафура Мұқатбекқызы 2000-2004 жылғы олимпиадалық циклда Қазақстан Ауыр атлетика федерациясына басшылық етті. Шаруашылықты басынан бастап жүргізу керек. Команда құрылды, білікті бапкерлерді шақырды. Оқу-жаттығу жиындары мен басқа да шығындарды отбасы болып, өздері көтеріп алды. Бірыңғай спорттық экипировка атымен жоқ, жейтін тағамдары да мәз емес. Осы жағдайды Қайрат Тұрлыханов былай суреттейді: «Ғафура спортшылардың жағдайын түзеуге өзі кірісті. Теңдестірілген тағам деп жатамыз ғой. Спортшыға қажетті витамині мол жеміс-жидек, көкөністер, ет, қазы-қарта, балық, бәрін-бәрін өзі таңдап әкелетін. Сөйтіп 10 жыл уақыт ішінде ауыр атлетика саласын аяққа тұрғыздық Талай атпал азаматтар шықты. Әр өңірде жақсы мектептер қалыптаса бастады.

Әлем, Азия чемпионаттарында топ жара бастадық. Қарсылас мемлекеттер өкілдері қызыға да, қызғана қарайтын. Кейіннен жөн-жосықсыз тексерулер пайда бола бастады. Бірақ ауыр атлетика десе, Қазақстанды бәрі таниды. Алда әлі талай жетістікке жететінімізді сеніммен айта аламын. Қазір ҚР ААФ құрметті президентімін»

Қайрат Болатұлы - «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері. Есім-сойы елге танымал қайраткердің балалық шағынан азамат болып қалыптасуына дейінгі аралықты ардақты ауыл азаматы Серікқали Еңсебаевтан сұрауды жөн көрдім.

Серікқали Еңсебаев: «Қайратпен бір сыныпта оқыдым, әрі біз туыспыз. Ол айналасына тек жақсы жағымен танымал. Бала кезінде өте зейінді, алғыр болды. Мектепте үздік оқыды. Ойлау қабілеті өте шапшаң. Әлі есімде, сабаққа дайындықсыз келмейтін, ұстаздарымыз сабақ сұрағанда Қайрат алдымен қол көтеріп, белсенділік танытатын. Сонымен қатар, спортқа деген құлшынысы зор еді. Соны сұрағың келіп отырғанын білемін. Әсіресе шаңғы спортын керемет жақсы көрді,әлі күнге дейін солай, ол биік жоталардан сырғанап, трамплиннен секіруді ұнататын. Әр демалысын Шымбұлақтағы тау шаңғысы базасында өткізетін. Суға жылдам жүзеді Қайрат Болатұлы. Әлі есімде, 2000 жылдардың басында Алакөлде жағалаудан аралға дейінгі қашықтықты (20 шақырым) 4-5 сағатта малтып өтті. Артында оқыс жағдай бола қалса, құтқарушы қайық жүрді. Дегенмен ол мақсатына жетпей тынбайтын марқасқа ғой. Досқа адал, қолынан келген көмекті аямайтын мәрт дегім келеді. Қазіргі уақытта Қайрат Болатұлы – дүниежүзі танитын үлкен тұлға десем артық айтқаным емес. Әлі де спорттың айналасында жүр. Ауыр атлетикадан Азия конфедерациясының вице-президенті, Тәуелсіз Қазақстанның ауыр атлетика спортына сіңірген еңбегі телегей-теңіз.

Бұрынырақта Бақты кеден бекетінің жұмысын қалыптастыру, ретке келтіру, ондағы тәртіпті дұрыс жағынан орнату сынды мәселелер бойынша көп еңбек сіңірді.

Одан бөлек, Семей шаһарындағы аспалы көпірді салу жолындағы еңбегі өлшеусіз болды. Әлемде ондай көпірлердің саусақпен санарлық екенін ескерсек, Қайрат Семейді әлемге танытты. Бір кездері Семейдің әкімі қызметін атқарды. Қаланың көркеюіне, дамуына зор үлес қосқан еді.

Қазір Астана қаласында «Вокзал Сервис» АҚ президенті. Теміржол саласында қалтқысыз қызмет атқарып жатыр.
Бірнеше тіл біледі. Жапон, түрік тілдерін меңгеріп алған. Ағылшыны тағы бар. Полиглот. Еске сақтау қабілеті өз алдына бөлек әңгіме. Ол деректер мен дәйектерді ұмытпайды. Кез келген ақпаратты жадына сақтауы өте жоғары деңгейде«

«Таскескен тарланбоздары» атты кітабынан үзінді

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или