«Астана» – Еуропа лигасының топтық кезеңінде!

«Астана» – Еуропа лигасының топтық кезеңінде!
news-banner7
mobile-news-top

Елордалық «Астана» УЕФА Еуропа лигасының плэй-офф кезеңінде беларустік БАТЭ-ны бағындырып, турнирдің топтық кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты. Әйткенмен, Борисовта өткен матч Қазақстан чемпиондары үшін қиынға соқты.

Нұр-Сұлтанда өткен бірінші матчта 0:3 есебімен ұтылғанына қарамастан БАТЭ футболшылары ойын басынан-ақ, жақсы нәтижеге үмітті екендерін көрсетті. Роман Григорчук болса, матчтың маңыздылығын түсініп бар мықты футболшыларын алаңға шығарды.

Алаң қожайындары ә дегеннен-ақ барын салды. Жылдам гол соғып кетті. Ойын басынан белсенді болған Максим Скавыш мергендік танытты. Айып алаңда ашық қалған Скавиш баспен Ненад Эричтің қақпасына дәл соққы бағыттады. Бұл футболшыға жауапты Антонио Рукавина қарсыласын жауып үлгере алмай қалды.

Тайм аяғына дейін екі командада да есепті өзгертетін мүмкіндік болды. Сол Скавыш алыстан соққы бағыттады, бағымызға орай, доп қақпадан қиыс кетті. Қазақстандық команда сапынан Марин Томасов қарсылас қорғанысын бірнеше мәрте бұзып жаруға ұмтылғанымен, одан түк шықпады. Роман Мұртазаевтың тепкен добын БАТЭ қақпашысы қақшып алды.

Екінші таймның басында Томасовта таразы басын теңестіретін тамаша мүмкіндік болды. Өкінішке орай, хорватиялық сұрмергенге дәлдік жетіспеді. Беларусь футболшыларында да ұрымтал сәттер болды. Кейде Қазақстан чемпиондарының жолы болды. Алаң иелерінің физикалық дайындығын айта кеткен жөн. Ойын соңына дейін Алексей Бага жігіттері допқа көп иелік етіп, «Астана» қақпасын торуылдаумен болды.

Ойынның 85-ші минутында БАТЭ командасы екінші допты тоғытып кетті. Игорь Стасевич қапталдан пас асырған. Лука Шимунович футбол снарядын айып алаңнан шығарып жібергенімен, Евгений Яблонскийді жабатын жан табылмады. 24 жастағы беларусь аяқдопшысы Ненад Эрич қақпасының торын жыртып жіберердей жойқын соққы бағыттады. Қақпашымыз құтқара алмады. 2:0!

Абырой болғанда, еурокубоктағы жалғыз командамыз БАТЭ-ның қысымына шыдады. Соңғы минуттарда қарсыласта Эрич иелегіне үшінші голды соғатын мүмкіндік болған еді. Алайда бұрыштама кезінде БАТЭ футболшысы допты баспен қақпаға дәл бағыттай алмады.

«Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсететін болды. Роман Григорчук жігіттері кемі жылдың соңына дейін бұл турнирде қазақстандық жанкүйерлерді еуроаренадағы матчтарымен қуантатын болады.

Айта кетейік, «Астана» мен БАТЭ арасындағы алғашқы ойын Нұр-Сұлтанда өтіп, елордалықтар 3:0 есебімен жеңіс тойын тойлаған еді.

Еуропа лигасы-2019/20. Плэй-офф кезеңі. Қарымта матч

БАТЭ - «Астана» - 2:0

Голдар: Максим Скавыш 6, Евгений Яблонский 85

БАТЭ: Чичкан, Филипович, Яблонский, Драгун, Сарока, Копитович, Скавыш, Риос, Стасевич, Волков, Бага;

«Астана»: Эрич, Рукавина, Ротариу, Сигурьонссон, Томасов, Маевский, Шимунович, Логвиненко, Постников, Муртазаев, Шомко.

30 тамыз. Борисов. «Борисов Арена»

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер