Беті ашылған «Тобыл». Газзаев тағы да қазақ футболын масқара қылды
Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіне шыққан қазақстандық командалар белгілі болды. Шымкенттік «Ордабасы» «Торпедодан» оңай өтті деуге болады. «Қайрат» қос матчта да босниялық «Широки Бриегті» жеңді. Ал ҚПЛ-дың көшбасшысы қостанайлық «Тобыл» екі ойында да сүреңсіз ойнап, «Женесске» жол берді. Prosports.kz еуркубоктағы «сенсацияның» авторы «Тобыл» жайлы сөз қозғамақ.
Бүгінгі таңда ішкі біріншілікте «Астанамен» иық тірестіріп, чемпиондыққа таласып жүрген «Тобылға» жеребе кезінде әлем футболында ергежейлі ел саналатын Люксембургтің командасы «Женесс» түскен. Сонда көбі қостанайлықтарға екінші кезеңнің жолдамасын ұстата салуға дайын еді. «Женесс» - жартылай әуесқой клуб. Иә, өз елінің 28 дүркін чемпионы шығар. Бірақ чемпионатында топ жармағанына 10 жылға жуық уақыт өтіпті. Ол елде соңғы жылдары «91 Дюделанж» деген команда үстемдік құрып жүр. Бас бапкерінің айтуынша, клубтың бюджеті бар болғаны 500 мың еуро. Бір клубтың қаражаты Бауыржан Тұрысбектің жарты бағасына әрең жетіп тұр.

Люсембургтегі алғашқы матч барысында-ақ, бұл команданы айналып өту «Тобылға» оңай соқпасын түсіндік. Бірінші таймада «Женесс» жасыл алаңда толықтай үстемдік танытты. Владимир Газзаев командасы бірде-бір мәрте қақпаға дәл соққы бағыттай алмады. Екінші таймда бұлқынып-жұлқынып шабуылдауға тырысқанымен, нәтиже шықпады. Қонақтағы тең есеп жақсы ғой, әрине. Бірақ қарсылас - «Женесс». Оған қоса, 0:0. Өз жеріңдегі қақпана кірген бір гол жауап ретінде екі доп соғуға мәжбүр етеді.
Қарсыласты «Тобыл» Қостанайда емес, «Астана Аренада» қабылдады. Оған себеп Қостанайдағы әуежайда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан еді.
Өз жерінде де қостанайлықтар «Женессті» таптап өтетіндей әсер қалдырған жоқ. Мамандар да, сарапшылар да, тікелей эфирді жүргізген комментаторлар қаншалықты сенімді болса да. «Тобыл» футболшылары құдды «Астана» немесе «Қайратқа» қарсы алаңға шыққандай сенімсіздік танытты. Екі дәл пастан артық бере алмай, жиі шатасты. Орталық қорғаныстағы үш қорғаушы да қателесумен болды. Орталық алаңда Азат Нұрғалиев командасын жетелеуге тырысқанымен, капитанның өзі жоқ жерде доптан айырылып қалып жатты. Шабуыл өтіне Сенин Себаи мен Бауыжан Тұрысбекті бірдей шығарып Газзаев таңқалдырды. Екеуі бірін-бірі алаңда мүлде түсінбейтін футболшылар. Оның үстіне, ҚПЛ-да ешқашан екеуі бірге алғашқы минуттардан алаңға шықпаған. Маңызды еурокубок матчында эксперимент жасап көруге бел буған екен Газзаев. Нәтиже жоқ. Соғылған гол стандарттан келді. Екінші таймда «Женесс» екінші кезеңге жолдама берген допты тоғытты. «Тобылды» еурокубоктан шығарып тастады.

Газзаев тізгіндейтін қазақстандық команда бірінші рет қазақ футболын масқара етіп тұрған жоқ. Бұл маманның атын естісе «Ақтөбе» жанкүйерлері шошиды. Себебі 2015 жылы дәл осылай Еуропа лигасының бірінші кезеңінде эстониялық «Нымме Калью» командасынан ұтылған. Сөйтіп он жылда алғаш рет батысқазақстандық команда Еуропа лигасының бірінші кезеңінен аса алмай қалған еді. Ал сол «Нымме Калью» келесі кезеңде лихтейнштейндік командадан екі ойында 1:5 есебімен жеңілген болатын.
Газзаев бапкер ретінде әлі де өз жолын таппаған адам. Ал біздің шенеуіктер Қазақстанның жетекші клубтарына шақырып, бұл маманды пір тұтады. Валерий Газзаев секілді атақты әкесі болса да, Ресейдің аутсайдер командаларының өзі кіші Газзаевты бір шақырған емес. Иә, «Аланияны» жаттықтарғаны бар. Әйткенмен, ол кезде әкесі сол клубтың директоры еді.
Былтыр, тіпті күлкілі жағдай болған. Ресей футболының КФЛ-ында (үшінші дивизион) ойнайтын «Урожай» есімді жаңадан құрылған клуб Владимир Газзаевқа ұсыныс жасайды. Алайда бір айға жуық уақыт өтпей Газзаев өз орнын босатады. Әрине, мұнда Владимирдің еш кінәсі жоқ. Кінә атауын он өзгеріп, ҚФЛ-мен келісе алмай, мың құбылған клубтың басшылығында. Әңгіме басқада. Жақсы шақыртулар болса, Газзаевқа үшінші дивизионда не бар. Осыдан-ақ Ресей футболы Владамир Газзаевты қандай деңгейде бағалайтынын анықтауға болады.